Орталық Азия елдері азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі бірлескен декларацияға қол қойды
ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Орталық Азия елдері ауыл шаруашылығы министрлерінің алғашқы кездесуінде аймақтық ынтымақтастықты нығайту, тұрақты ауыл шаруашылығын дамыту және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Бұл туралы АШМ мәлім етті.
Іс-шараға салалық ведомстволар басшылары, дипломатиялық корпус пен халықаралық ұйымдар өкілдері қатысты.
Қазақстан делегациясын Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков бастап барды.
Өз сөзінде Мемлекеттер басшыларының бірлескен күш-жігерінің арқасында Орталық Азия елдері арасындағы қатынастар жаңа деңгейге көтерілгеніне тоқталып, аграрлық саладағы әріптестікті нығайтудың маңыздылығын ерекше атап өтті.
Вице-министр Қазақстанда жүргізіліп жатқан агроөнеркәсіптік саясатқа да назар аударды. Елде егіс алқаптарын әртараптандыру белсенді түрде жүзеге асырылуда. Майлы дақылдардың егіс көлемі 1 млн гектарға, бұршақ дақылдарының көлемі 300 мың гектарға ұлғайған.
Суармалы егіншілік те дамып келеді. Соңғы екі жылда су үнемдеу технологиялары қолданылатын жерлер көлемі екі есеге өсіп, 590 мың гектарға жетті. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 1,3 млн гектарға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Саланы қолдау мен жаңғыртудың арқасында Қазақстан екі жыл қатарынан астық пен майлы дақылдардың рекордтық өнімін алуда.
Ағымдағы жылдың қаңтар–қыркүйек айларында Қазақстан мен Орталық Азия елдері арасындағы агроөнеркәсіптік өнімдердің тауар айналымы 2,3 млрд АҚШ долларын құрап, өткен жылмен салыстырғанда 24,4%-ға артқан.
— Экспорттың негізгі бөлігін бидай, ұн, өсімдік майы, сиыр еті және қант құрайды, ал импортқа негізінен көкөністер мен жемістер кіреді, — делінген хабарламада.
Кездесу барысында тараптар көлік, энергетикалық және инновациялық инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ шекара маңындағы логистикалық хабтарды құру мәселелерін талқылады.
Қазақстан өз тарапынан табысты жобалар ретінде Өзбекстанмен шекарада орналасқан «Орталық Азия» өнеркәсіптік ынтымақтастықтың халықаралық орталығын және Қырғызстанмен шекарадағы «Алатау» индустриялық-логистикалық кешенін ұсынды.

— Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен әзірленген 2030 жылға дейінгі Орталық Азияның азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі бірлескен декларациясы мен іс-қимыл жоспарына қол қойылуы-осы кездесудің басты нәтижесі деуге болады, — деп хабарлады ведомстводан.
Бұл құжат аграрлық саясат саласындағы іс-қимылдарды үйлестіруді күшейтуге және өңірлік интеграцияны дамытуға бағытталған.
Сондай-ақ, Президент Тоқаев ұсынған Тұрақты егіншілік жөніндегі өңірлік орталық құру бастамасы талқыланды. Бұл орталық аймақ елдері үшін тәжірибе алмасу мен әлемдік үздік тәжірибелерді енгізу алаңына айналмақ.
Басқосу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты кеңейтуге және бірлескен жобаларды іске асыруға дайын екендіктерін жеткізді.
— Кездесу нәтижелері ауыл шаруашылығының дамуына жаңа серпін беріп, мемлекеттеріміз арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтады. Біздің басты мақсатымыз — тұрақты, қауіпсіз және инновациялық агроөндірісті дамыту, — деді Ербол Тасжүреков.
Айта кетейік, бұған дейін елде егін жинау науқаны аяқталғанын жазған едік.