Орталық Азия елдері мен Әзербайжанның сауда министрлері Ташкентте бас қосты

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Бүгін Ташкентте Орталық Азия елдері мен Әзербайжанның сауда және инвестиция министрлері кеңесінің бірінші отырысы өтті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Орталық Азия елдері мен Әзербайжанның сауда министрлері Ташкентте бас қосты
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Іс-шараға Қазақстанның Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев қатысты. Ведомство басшысы баяндамасында ресми Астана мен Ташкент Орталық Азиядағы сауданың негізгі драйвері саналатынын атап өтті. Оның сөзінше, келешек өсімді қамтамасыз ету үшін бірлескен өндіріс ашу, цифрлық интеграцияға ден қою және көлік дәліздерін дамыту маңызды.

Сондай-ақ қатысушылар отырыс барысында сауда-инвестициялық өзара іс-қимылды тереңдету, өнеркәсіптік кооперацияны дамыту, логистиканы жүйелі жолға қою мүмкіндіктерін талқылады.

Іс-шараның қорытындысы бойынша Орталық Азия елдері мен Әзербайжанның сауда және инвестиция министрлері бірлескен коммюникеге қол қойды.

Еске салайық, биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша Қазақстан Өзбекстанның негізгі сауда серіктестерінің үштігінде қалды. Қамтылып отырған кезеңде ресми Ташкент Астанаға 1 млрд доллардың тауарын экспорттап, 2,4 млрд доллардан астам сомаға өнім импорттаған.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Өзбекстанда қазақстандық капиталмен жұмыс істейтін компаниялар қатары көбейді. Атап айтқанда, жарты жылдың ішінде біздің ел Өзбекстанда 116 кәсіпорын ашты. Осылайша, қазір ресми Ташкентте қазақстандық капиталмен жұмыс істейтін компаниялар саны 1 157-ге теңелді.

Сондай-ақ, таяуда өткен Қазақстан мен Өзбекстанның бизнес-форумы барысында қос елдің кәсіпкерлері құны 71 млн доллар болатын келісімшартқа қол қойды.

Соңғы жаңалықтар