Орталық Азия елдері мен Қытай арасындағы мәңгілік достық туралы шарт жарияланды
АСТАНА. KAZINFORM – Аталған шартты Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 17 маусымдағы Жарлығымен бекітті.

Қазақстан Республикасы, Қырғызстан Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан Республикасы, Өзбекстан Республикасы және Қытай Халық Республикасы арасындағы мәңгілік тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы шарт. (Астана, 2025 жылғы 17 маусым).
Жоба Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 17 маусымдағы № 915 Жарлығымен мақұлданды.
Тараптар халықтың түбегейлі мүддесіне сай келетін тату көршілік, достық және өзара тиімді ынтымақтастықты жан-жақты нығайтудың маңыздылығын ескере отырып, өңірдегі бейбітшілікті, тұрақтылықты және дамуды қамтамасыз ету, сондай-ақ жан-жақты өзара іс-қимылды нығайту барлық ел халықтарының ортақ ұмтылыстары мен негізгі мүддесіне жауап беретініне назар аудара отырып, бұл үдерістің Азия мен бүкіл әлем үшін маңызын мойындай отырып, Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының мақсаты және халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларына адалдығын растай отырып, әр тараптың ұлттық заңнамасының ережелеріне сүйене отырып, тараптардың тәуелсіздігін, мемлекеттік егемендігін, аумақтық тұтастығын және егемендік теңдігі мен шекаралардың мызғымас қағидаттарын берік қолдайтынын қайта растай отырып, тараптар арасындағы қарым-қатынастың орнықты дамуын және мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықтың түрлі саладағы деңгейін арттыруды қамтамасыз етуге ұмтыла отырып, халықтар достығын нығайтып, оны ұрпақтан ұрпаққа жалғастыруды қалай отырып, Орталық Азия мен Қытайдың ортақ тағдыр қауымдастығын бірлесіп құруға деген ұмтылысты растай отырып келісті.
Шарт бірнеше баптан тұрады:
1-бап
Тараптар жалпыға танылған халықаралық құқық қағидаттары мен нормаларына сәйкес егемендік пен аумақтық тұтастықты өзара құрметтеу, шабуыл жасамау, ішкі істерге араласпау, теңдік, өзара пайда мен бейбіт өмір сүру негізінде ұзақ мерзімді әрі берік стратегиялық әріптестік қатынастарды жан-жақты дамытады. Тараптар күш қолданудан немесе күшпен қорқытудан бас тартады, дауды бейбіт жолмен шешетінін де растайды.
2-бап
Тараптар өзара сенім мен стратегиялық өзара іс-қимылды нығайтады, ұлттық ерекшеліктеріне сай даму жолдары мен модельді таңдауда бір-бірін қолдайды, негізгі мүддеге қатысты мәселелер бойынша бірін-бірі қолдайды, экономикалық даму стратегияларын жүзеге асыруға жәрдемдеседі.
3-бап
Тараптар мемлекеттік егемендік пен аумақтық тұтастық қағидаттарына құрметпен қарай отырып, өз аумағында қағидаттарға қайшы әрекеттерге жол бермеу шараларын қабылдайды. Тараптар басқа тарапқа қарсы бағытталған одаққа немесе әрекетке қатыспайды және қолдамайды.
4-бап
Тараптар саяси консультацияларға зор мән береді, Орталық Азия мен Қытай арасындағы, сондай-ақ ғаламдық және өңірлік маңызы бар мәселелер бойынша тұрақты пікір алмасу мен ұстанымдарды үйлестіру мақсатында жоғары және жоғарғы деңгейдегі кездесулер механизмдерін пайдаланады.
5-бап
Тараптар сауда, экономика, инвестиция, инфрақұрылымдық байланыс, инженерлік сала, энергетика (оның ішінде су энергетикасы және жаңартылатын энергия көздері), көлік, пайдалы қазбалар, ауыл шаруашылығы, қоршаған ортаны қорғау, өңдеу өнеркәсібі, ғылым мен техника және өзара мүдделі өзге де салада теңдік пен өзара тиімділік қағидаттары негізінде ынтымақтастықты дамытуға дайын.
6-бап
Тараптар мәдениет, білім беру, денсаулық сақтау мен медициналық қызмет, туризм, спорт, бұқаралық ақпарат құралдары және өзара мүдделі басқа да салада өзара алмасулар мен ынтымақтастықты дамыту шараларын қабылдайды.
7-бап
Тараптар ұлттық заңнамасы мен халықаралық міндеттемесіне сәйкес терроризмге, сепаратизмге, экстремизмге, трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, заңсыз көші-қонға, қару мен есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымына қарсы бірлескен күрес бойынша екіжақты және көпжақты форматтағы ынтымақтастықты дамытады.
8-бап
Тараптар қорғаныс, қорғаныс өнеркәсібі және қауіпсіздік саласында өзара сенімді нығайтады, сондай-ақ сол салалар бойынша екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты кеңейтеді.
9-бап
Тараптар БҰҰ-ға мүше елдер мен басқа да көпжақты ұйымдар мен механизмдер аясында байланыс пен өзара іс-қимылды нығайтады, ғаламдық және өңірлік бейбітшілік, тұрақтылық пен орнықты дамуды қамтамасыз етуге күш салады.
10-бап
Осы шартты түсіндіру және іске асыру барысында туындауы мүмкін дау мен келіспеушілік тараптар арасында достық келіссөздер мен консультациялар арқылы шешіледі.
11-бап
Осы шарт тараптардың екіжақты және көпжақты халықаралық шарттардан туындайтын құқығы мен міндетіне әсер етпейді және үшінші мемлекеттерге қарсы бағытталмаған.
12-бап
Осы шарттың ережелерін іске асыру мақсатында тараптар қажет болған жағдайда өзара мүдделі ынтымақтастық бойынша жекелеген халықаралық шарттар жасасады.
13-бап
Тараптардың келісімі бойынша осы шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар бөлек хаттамалармен рәсімделеді және осы шарттың ажырамас бөлігі.
14-бап
Осы шарттың депозитарийі – Қытай Халық Республикасының Сыртқы істер министрлігі. Депозитарий осы шарттың куәландырылған көшірмесін, барлық тарап қол қойған күннен бастап 15 күн күн ішінде жібереді.
15-бап
Осы шарт мерзімсіз жасалады және күшіне тараптардың оны ратификациялау немесе бекіту үшін қажетті ішкі рәсімді аяқтағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы депозитарийге жіберген күнінен бастап енеді.
Депозитарий осы шарттың күшіне ену күні туралы тараптарға хабарлайды. Әр тарап осы шарттан шығуға құқылы, ол үшін депозитарийге дипломатиялық арналар арқылы жазбаша түрде хабарлама жібереді. Мұндай тарап үшін осы шарт оның депозитарийге хабарлама түскен күнінен бастап 12 ай өткен соң күшін жояды.
Депозитарий бұл шешім туралы басқа тараптарға хабарлайды. Депозитарий бұл шарттың осындай тарапқа қатысты күшін жоюы туралы басқа тараптарды хабардар етеді.
Аталған шарт 2025 жылғы 17 маусымда Астана қаласында орыс және қытай тілдерінде бір данамен жасалды. Екі мәтіннің де бірдей заңдық күші бар.
Қазақстан Республикасы атынан – Қ. Тоқаев;
Қытай Халық Республикасы атынан – Си Цзиньпин;
Қырғызстан Республикасы атынан – С. Жапаров;
Тәжікстан Республикасы атынан – Э. Рахмон;
Түрікменстан атынан – С. Бердімұхамедов;
Өзбекстан Республикасы атынан – Ш. Мирзиёев.
Айта кетейік, 17 маусым күні елордадағы Тәуелсіздік сарайында «Орталық Азия – Қытай» ІІ саммиті өтті.