Орталық Азия елдері мен Венесуэла академиялық ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті

АСТАНА. KAZINFORM — Орталық Азиядан келген сарапшылар алғаш рет 26 шілде күні Каракастағы Симон Боливар институтында бейбітшілік пен әділеттілік тақырыбында өтетін кездесуге қатысып, аймақаралық ынтымақтастықтың болашағын талқылады, деп жазды Kazinform агенттігінің меншікті  тілшісі.

Венесуэла
Фото: Берік Табынбаев

Кездесу барысында Қырғызстанның Әлемдік саясат институтының директоры Шерадил Бактыгулов пен Қазақстанның Аймақтық интеграцияларды зерттеу институтының басшысы Таиссия Мармонтова Венесуэланың Сыртқы істер министрлігіне қарасты Симон Боливар институтының басшысы Бланка Икутпен пікір алмасты.

Сарапшылар бірқатар маңызды бағыттар бойынша бірлескен зерттеулер жүргізу мүмкіндіктерін талқылады. Атап айтқанда, цифрлық трансформация, интеграциялық үдерістер, мәдениетаралық диалог, бейбітшілікті нығайту және тұрақты даму мәселелері сөз болды.

Шерадил Бактыгулов кездесуді қорытындылай келе, қазіргі уақытта ірі мемлекеттердің қарым-қатынасындағы турбуленттіліктің артуы жағдайында дамушы елдер үшін өздерінің даму модельдерін табу ерекше маңызды екенін айтты. Ол бірлескен зерттеулерді аймақтар арасындағы сараптамалық алмасу және конструктивті диалог үшін тиімді алаң деп санайды.

Ал Таиссия Мармонтова академиялық байланыстарды орнату мен Орталық Азия мен Латын Америкасы арасындағы аналитикалық негізді қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.

– Біздің елдерімізде ортақ ұқсастықтармен қатар, ерекше ерекшеліктер де бар. Осы факторларды зерттеу екіжақты түсіністікті тереңдетуге және ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға ықпал етеді, – деп айтты ол.

Бланка Икут Венесуэла мен Орталық Азия ғылыми-зерттеу институттары арасындағы серіктестік байланыстарды кеңейтуге дайын екенін айтып, бейбітшілікті, ғаламдық ынтымақтастықты және мәдени алмасуды алға жылжыту мәселелеріндегі бірлескен бастамалардың маңыздылығын атап өтті.

Визит Венесуэла тарапынан ресми шақыру бойынша ұйымдастырылып, Орталық Азия сарапшыларының Венесуэланың әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуымен танысу бағдарламасының бір бөлігі болды.

Кездесу қорытындысында екі тарап Орталық Азия мен Латын Америкасы институттары арасында академиялық алмасуларды ұйымдастыру және бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыруға өзара мүдделілік білдірді.

Бұған дейін біз Қазақстан азаматтарының Венесуэладағы сайлауларда байқаушы ретінде қатысатыны туралы жазған едік.

Соңғы жаңалықтар