Орталық Азия елдері төтенше жағдайларды алдын ала хабарлайтын ортақ платформа құрмақ
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында Орталық Азиядағы (ОА) климаттың өзгеруін басқару жөніндегі семинар өтті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.
Жиынға Орталық Азия елдерінің жауапты министрлік өкілдері, сарапшылар мен халықаралық экологтар қатысты. Олар трансшекаралық өзендердегі су сапасы, төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған мониторингілеу орталықтарының жұмысын жетілдіру бастамаларын талқылады.
Қазақстандық делегацияның атынан келген ОА елдері бойынша төтенше жағдай мен апат тәуекелдерін төмендету орталығының директоры Серік Әубәкіров 5 мемлекеттің хабарландыру жүйесін интеграциялау бағытында жұмыстар қолға алынатынын айтты.
«Қазір біз түрлі төтенше жағдайлардың алдын алу үшін хабарландыру жүйелерін интеграциялауға көңіл бөлудеміз. Орталық Азия мемлекеттері бір белдеуде орналасқан және тайфун мен жанартау атқылау сияқты апаттардан басқа климаттық өзгерістердің барлығы ортақ», - деді С.Әубәкіров.
Оның атап өтуінше, бүгінде трансшекаралық төтенше жағдайлар да аз емес. Яғни, эпицентрі басқа елде басталып, салдары көршілес мемлекеттерде сезілуі мүмкін жер сілкінісі сияқты қауіптер бар.
«Бұл ретте бізге ақпараттық жүйелерді автоматтандыру маңызды. Адами фактордың қатысуынсыз мобильді қосымшалар арқылы жедел хабардар ету шарларын пысықтап жатырмыз. Әр елдің өзінің ұлттық бақылау жүйелері бар. Енді оларды біріктіріп, сол арқылы төтенше жағдай туралы алдын ала өзара ақпарат алмасу үшін ортақ платформа әзірлейміз. Біздің ұйым Орталық Азия елдерінің төтенше жағдайлар министрліктеріне ұсыныс дайындау өкілеттігне ие», - деп тоқталды С.Әубәкіров.
ОА елдерінің ұлттық мониторингілеу жүйелерін біріктіретін платформаның нақты қай жылы іске қосылатыны белгісіз. Өйткені, ол мемлекеттердің жылдық бюджетін жоспарлуына байланысты.