Орталық Азия елдерінің ортақ мақсаты арта түсті – сарапшы

АСТАНА. KAZINFORM – Орталық Азияда елдер арасындағы қайшылықтар азайып, ынтымақтастық нығайып келеді. Бұл туралы Азия зерттеулері институтының директоры Сұлтан Әкімбеков Bizdin Orta подкастында айтты.

Центральная Азия, пятерка
Фото: hausa.cri.cn

– Бұрын біз өңір ішіндегі бәсеке жайлы жиі айтатынбыз және оған негіз де бар еді. Ал бүгінде қайшылықтарға қарағанда ортақ мақсаттар мен міндеттер әлдеқайда көп, көптеген күрделі мәселелер шешілді, – деді ол.

Сарапшы мысал ретінде Қазақстан мен Өзбекстанның жақындасуын келтірді.

– Өзбекстан бұрын негізінен мемлекеттік экономикаға сүйенетін. Қазір Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынас өте қарқынды дамып жатыр, олар толыққанды жұмыс деңгейінде, ешқандай қайшылық жоқ, – деп атап өтті С.Әкімбеков.

Ол сондай-ақ Тәжікстан мен Қырғызстан арасындағы оң өзгерістерді де атап өтті.

– Тәжіктер мен қырғыздар арасында да қайшылық жоқ, даулы мәселелер бойынша келісімге қол қойылды. Өңір ішінде талқыланатын өзге де ортақ тақырыптар бар, – деді ол.

Сарапшының айтуынша, Қазақстан әлемдік күш орталықтарымен коммуникацияда ерекше рөл атқарады.

– Біздің жаһандық ойыншылармен қарым-қатынасымыздың өз ерекшелігі бар. Бізді музыкалық топтағы фронтменмен салыстыруға болады, сонымен қатар бұл біртұтас ансамбль, – деді ол.

Подкасттың толық нұсқасы 15 тамыз күні сағат 00:30-да Jibek Joly телеарнасында көрсетіледі.

Айта кетейік, Ақтауда Орталық Азия елдерінің экологиялық ведомство министрлерінің кездесуі өтті.

Соңғы жаңалықтар