«Орталық Азия — Италия» бірінші саммиті басталды

АСТАНА. KAZINFORM — Елордадағы Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Орталық Азия — Италия» алғашқы саммиті өтіп жатыр.

Орталық Азия - Италия саммиті
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform
Орталық Азия - Италия саммиті
Фото: Ақорда

Айтулы іс-шараға құрметті меймандардан Италия Министрлер Кеңесінің төрағасы Джорджа Мелони, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев, Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон қатысып жатыр.

«Орталық Азия – Италия» саммиті
Фото: Ақорда

Былтыр қаңтарда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Италияға ресми сапармен барды. Онда Мемлекет басшысы Италия Президенті Серджо Маттарелламен кездесіп, маңызды келіссөздер жүргізді. Тараптар Қазақстан мен Орталық Азияның Еуропа Одағымен арадағы ынтымақтастығын дамыту перспективаларын талқылап, көлік және логистика саласындағы өзара тиімді ықпалдастықтың, атап айтқанда, Транскаспий халықаралық көлік бағытын өркендетудің келешегі зор екенін ерекше атап өткен еді

Жылы жүздесу биыл наурызда Астанада жалғасты. Италия Президенті Серджо Маттарелла Қазақстанға келіп, Қасым-Жомарт Тоқаевпен кезекті рет жиын өткізді.

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Басшылар сауда және экономика, мәдениет саласында тамаша байланыс орната алғанын ерекше атап өткені бар. Ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективалары талқыланды. Қазіргі екі елдің жақындығын сол кездесулердің нәтижесі ретінде қарастыруға болады. 

Сандарды сөйлетсек, Италиядан келген импорттың сомасы былтыр 1,3 млрд долларға бағаланды. Кәрі құрлықтағы серіктес дәрі-дәрмек, арматуралар, құбыр, сорғы және желдеткіш, вакциналар, ыдыс жуатын машиналар, бағалы металдан жасалған бұйымдар саудалаған.

«Орталық Азия – Италия» саммиті
Фото: Ақорда

Сондай-ақ италиялықтар Қазақстан экономикасына инвестиция құю жайын да ұмыт қалдырған емес. Сыртқы істер министрлігінің дерегінше, 1992-2022 жылды қамтитын 30 жылдық кезеңде еліміздің экономикасына 15 млрд доллар Италия инвестициясы түскен. Ал 2005 жылдан бастап 2024 жылдың желтоқсанына дейінгі аралықта 7,6 млрд долларды құрапты. Қазір елімізде 300-ге жуық италиялық компания жұмыс істеп жатыр.

Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Қазақстанға ресми сапармен келген Италия Премьер-министрі Джорджа Мелониді қарсы алды.

Сондай-ақ Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Италия Министрлер Кеңесінің төрағасы Джорджа Мелони келіссөздер қорытындысы бойынша стратегиялық серіктестікті кеңейту жөнінде Бірлескен мәлімдеме қабылдап, бірқатар құжатқа қол қойды.

Соңғы жаңалықтар