«Орталық Азия – Италия» саммиті аясында Тоқаев пен Бердімұхамедов кездесті

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедовпен кездесті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысы Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовпен кездесті
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстан президентіне ілтипат білдіре отырып, оның бірінші «Орталық Азия — Италия» саммитіне қатысуы мемлекетаралық көпқырлы қарым-қатынастарды одан әрі ілгерілету тұрғысынан маңызды екенін атап өтті.

— Екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытуға баса мән береміз. Экономикалық байланыстарда нақты нәтижелерге қол жеткіземіз деп есептеймін. Басқа да салалар бойынша, әсіресе, мәдени-гуманитарлық бағытта ықпалдастық қарқынды дамып келеді. Күн тәртібіндегі жобаларды жүзеге асыруға қос тарап та күш жұмылдыратынын ескерсек, өзара тиімді қарым-қатынастың келешегі зор, — деді Мемлекет басшысы.

Президенттің пікірінше, қазір Астана мен Ашхабад арасындағы ынтымақтастық өркендеп, көптеген негізгі салаларда оң динамика байқалады.

Сердар Бердімұхамедов Қасым-Жомарт Тоқаевқа қонақжайлық танытқаны және «Орталық Азия — Италия» саммитін табысты өткізгені үшін алғыс айтты.

— Орталық Азия елдері мен Италия жоғары деңгейдегі осындай форматта тұңғыш рет келіссөз жүргізіп отыр. Саммит қорытындысы мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал ететініне сенімдімін, — деді Түрікменстан президенті.

Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев Халк Маслахатының Төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовке ыстық ықыласын жолдап, оның жауапты қызметіне толағай табыс тіледі.

Соңғы жаңалықтар