Орталық Азия — Қытай: Келесі саммит Бейжіңде өтеді
АСТАНА. KAZINFORM — «Орталық Азия — Қытай» саммиті енді екі жылдан кейін Бейжіңде өтеді. Бұл туралы формат Хатшылығының Бас хатшысы Сунь Вэйдун Астана саммитін қорытындылаған мәлімдемесінде айтты.

— Орталық Азия елдерінің президенттері екіжақты кездесулер өткізді. Онда өзара сенімді нығайту және ынтымақтастықты күшейту мәселелері талқыланды, — деді ол БАҚ өкілдерінің алдында оқыған мәлімдемесінде.
Сондай-ақ ол Астана саммитінің ұйымдастырылу деңгейіне тоқталды.
— Тараптар Қазақстанға екінші Орталық Азия — Қытай саммитін жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғыс білдірді. Тараптар үшінші Орталық Азия — Қытай саммиті 2027 жылы Қытайда өтеді деп келісті, — деді Сунь Вэйдун.
Айта кетейік, бүгін елордадағы Тәуелсіздік сарайында «Орталық Азия – Қытай» ІІ саммиті өтті.
Саммит барысында Президент Құрық портында Қытаймен бірлескен жүк терминалын құруды ұсынды.