«Орталық Азия – Қытай» саммиті: 2026 жылды ғылыми зерттеулер жылы деп жариялау ұсынылды
АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мен Қытай халықтарының арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың жоғары қарқынына тоқталды.

Саммит барысында мәдени орталықтардың ашылуы, креативті индустрия және туризм салаларының дамуы осы бағыттағы басты басымдықтар ретінде аталды.
– Сиань қаласынан Алматы шаһарына қатынайтын алғашқы туристік пойыздың іске қосылуын құптаймыз. «Қазақстандағы Қытай туризмі жылына» орайластырылған бұл оқиға ғасырлар бойы Еуразия аумағында тауарлар мен идеялардың толассыз алмасуына дәнекер болған Ұлы Жібек жолының рухын жаңғыртады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы «Орталық Азия – Қытай» ІІ саммитінде.
Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы мен Шанхай қалалары, сондай-ақ Қазақстан мен Қытайдың бірқатар өңірі арасында бауырластық қарым-қатынас орнағанын қуаттады.
Мемлекет басшысы Қытай тарапының Орталық Азиямен ынтымақтастыққа арналған атаулы жылдар ұйымдастыру бастамасына қолдау білдіріп, келесі жылды «Білім беру және ғылыми зерттеулер жылы» деп жариялауды ұсынды. Бұл қадам елдеріміздің гуманитарлық өзара іс-қимылын жандандырады.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Астанада «Орталық Азия – Қытай» ІІ саммиті жұмысын бастады.