Орталық Азия мен араб елдерінің сыртқы істер министрлері Ташкентте кездесті

Ташкент
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Бүгін Ташкентте Сыртқы істер министрлерінің «Орталық Азия – Парсы шығанағындағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесі» стратегиялық диалогының екінші кездесуі өтті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.

Басқосуға Қатар, Бахрейн, Кувейт, Сауд Арабиясы, Оман, Әзербайжан және Орталық Азия елдері сыртқы саяси ведомстволарының басшылары мен орынбасарлары қатысты.

Кездесу барысында министрлер саясат, қауіпсіздік, сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық және «жасыл» энергетиканы дамыту мәселелерін талқылады. Сондай-ақ, делегаттар халықаралық және өңірдегі өзекті мәселелер бойынша, атап айтқанда Ауғанстан, Таяу Шығыстағы жағдай, Палестина-Израиль қақтығысы сияқты бірқатар тақырып төңірегінде пікір алмасты.

Кездесу
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

«Біздің елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың терең тарихы бар. Сондықтан «Орталық Азия – Парсы шығанағындағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесі» диалогына қызығушылық басым. Мұны Қазақстан тарапы ынтымақтастықты нығайту, халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылау, сондай-ақ түрлі саладағы байланыстарды арттырудың тиімді тәсілдерін іздестіретін халықаралық алаң ретінде қарастырады. Жаһандық қауіп пен өңірлік тәуекелдердің үдей түскеніне қарамастан Орталық Азия аймағы өзінің тұрақтылығын көрсетіп, одан әрі өсу мен даму үшін әлеуетін ұтымды пайдаланып келеді», - деп тоқталды кездесуге қатысқан ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев.

Ташкент
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Айта кетейік, бұл жолғы министрлер жүздесуі 2025 жылы Самарқанда мемлекет басшыларының деңгейінде өтетін «Орталық Азия – Парсы шығанағындағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесі» стратегиялық диалогының екінші саммитіне дайындық саналады.

Соңғы жаңалықтар