Орталық Азия мен Қытай арасындағы тауар айналымы 5 айда рекордтық деңгейге жетті

АСТАНА. KAZINFORM – Қытай мен Орталық Азияның бес елінің сауда көлемі 2025 жылдың 5 айында $39,8 млрд жетті. Бұны ҚХР Бас кеден басқармасының статистикалық мәліметтерінен көруге болады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

грузоперевозки
Фото: Көлік министрлігі

Қаңтар мен мамыр аралығында Қытай мен Орталық Азияның Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан сияқты бес елінің импорт және экспортының көлемі 10%-ға өсіп, 39,8 миллиард АҚШ долларын құрады. Бұл – рекордтық көрсеткіш саналады.

2024 жылы Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы сауда көлемі 2014 жылмен салыстырғанда үш еседен астам өсіп, 94,8 миллиард АҚШ долларын құрады.

Қытай Халық Республикасының Сауда министрлігіне қарасты Халықаралық сауда және экономикалық ынтымақтастық академиясы жанындағы Еуразия институтының профессоры Лю Хуацинь Қазақстанның Қытайдың Орталық Азиядағы ең ірі сауда әріптесі болып табылатынын мәлім етті.

2024 жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда көлемі рекордтық деңгейге жетіп, 43,82 миллиард АҚШ долларын құрады.

Қытай Қоғамдық ғылымдар академиясына қарасты Шығыс Еуропа, Ресей және Орталық Азия институтының бас ғылыми қызметкері Су Чанның айтуынша, Қазақстан мен Қытай «Бір белдеу — бір жол» бастамасы аясында он жылдан астам уақыт бойы логистика, инфрақұрылым, экономика және сауда салаларында ынтымақтасып, жұмыс істеп келеді.

— Қазіргі уақытта Қытай мен Қазақстан өндіріс қуаты бойынша жаңа жобаларды жүзеге асырып жатыр, екі ел арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастық дамып келеді. Жоғары технологиялар саласында өзара тиімді серіктестік құруға ниет бар. Қытай мен Қазақстан арасындағы қатынастар жаңа «алтын отызжылдығын» бастады, және екі елдің даму перспективасы зор, — деді КАОН сарапшысы Су Чан.

Осыған дейін Астанада өткен «Қытай — Орталық Азия» іскерлік кеңесінің екінші отырысы аясында жалпы құны 17 миллиард АҚШ долларынан асатын 35-тен астам меморандумға қол қойылғаны туралы жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар