«Орталық Азия – ШЫҰ-ның өзегі»: ұйымға мүше елдер Душанбеде бос қосты
АСТАНА. KAZINFORM – Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Нұрлан Ермекбаев бүгін Душанбе қаласында өткен «Орталық Азия – ШЫҰ-ның өзегі: бірлескен даму мүддесіндегі 25 жылдық ынтымақтастық» атты халықаралық конференция делегаттарына бейнеүндеу жолдады.

Өз сөзінде Бас хатшы ШЫҰ-ның ширек ғасыр ішінде беделді халықаралық ұйымға айналғанын, мызғымас нормативтік-құқықтық базасын және өзара іс-қимыл тетігін қалыптастырғанын, сондай-ақ ортақ қағидат пен құндылық ұстанатын мемлекеттер мен халықаралық бірлестіктермен серіктестік қатынас орнағанын айтты.
Нұрлан Ермекбаев ШЫҰ қызметін Орталық Азия өңірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және дамыту мәселелерінен бастағанын еске салды. 2021 жылғы қыркүйекте Душанбеде қабылданған ұйымның 20 жылдығына арналған декларацияда мүше мемлекеттердің көшбасшылары Орталық Азияны «ШЫҰ-ның өзегі» деп атаған болатын, ал былтыр Астанада өткен саммит барысында ұйым мен Орталық Азия елдерінің стратегиялық даму мақсатының бір-бірін өзара толықтыратыны ерекше атап өтілді.
Биыл күзде Қытайдың Тяньцзинь қаласында өтетін ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің алдағы отырысына дайындық пен оның мазмұндық бөлігін пысықтау жұмыстары жүріп жатыр.
Бас хатшы Душанбедегі халықаралық конференция ШЫҰ-ның «өзегі – Орталық Азияның» әлеуетін толық ашуға бағытталған жаңа идеялар мен ұсыныстарды қалыптастыруда маңызды рөл атқарады деген үміт артты.
Еске салайық, биыл күзде ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің 25-отырысы Қытайдың Тяньцзинь қаласында өтеді. Осыған орай, ШЫҰ Бас хатшысы Нұрлан Ермекбаевқа саммитте мемлекет басшылары қарастыратын мәселелер, жалпы ұйымның қызметі, «үш зұлымдықпен» күрес, ұйым кеңістігінде бірыңғай цифрлық валюта енгізу сынды жайттарға қатысты сауал қойып, сұхбатқа тартқан едік.
Айта кетсек, ШЫҰ елдері Израильдің Иранға жасаған әскери шабуылын қатаң айыптады.