Орталық Азия және Италия компаниялары «Астана» қаржы орталығының мүмкіндігін пайдалана алады — Президент
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев италиялық серіктестерді Орталық Азиядағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырды.

— Қазіргі кезде Орталық Азия елдері шекаралық сауда-экономикалық хабтар мен өнеркәсіптік кооперация орталықтарының тұтас желісін ашу бойынша жұмыс атқарып жатыр. Біз италиялық серіктестерді осы бағытта бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыруға шақырамыз. Бұл тұрғыда италиялық өндірушілер бүкіл әлем үшін сапа мен инновацияның ең жоғары стандарттарын белгілеп келе жатқан тоқыма, жиһаз, фармацевтика және автомобиль өнеркәсібіндегі кәсіпорындарды ашу туралы айтып отырмыз, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев елордада «Орталық Азия — Италия» саммитінде.
Осы орайда Президент Орталық Азия өңірінің және Италияның компаниялары «Астана» халықаралық қаржы орталығы ұсынатын мүмкіндіктерді пайдалана аланын атап өтті.
Бұдан бұрын хабарланғандай, елордадағы Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Орталық Азия — Италия» алғашқы саммиті өтіп жатыр.
Айтулы іс-шараға құрметті меймандардан Италия Министрлер Кеңесінің төрағасы Джорджа Мелони, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев, Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон қатысып отыр.