Орталық Азиядағы электронды сауда: өсім, сын-тегеуірін және жаңа ойын ережесі
АСТАНА. KAZINFORM — Әлемдік сауда үлкен өзгеріске ұшырап жатыр. Қазақстан бұл процеске Орталық Азиядағы көшбасшылардың бірі ретінде енді. Электронды коммерция бизнесті сатып алушымен байланыстыратын негізгі арнаға айналып үлгерді. Төрт жылдың ішінде нарық күн санап өсіп, тұтынушылардың жаңа дағдысы бөлшек сауданы сансыратып жіберді. Сауда-саттықтың мұндай түрі қалай дамып келе жатыр және ол өңір экономикасы үшін нені білдіретінін Kazinform шолуынан оқып біле аласыз.
Цифрлық нарық қарқын алып келеді
QazTrade дерегіне сәйкес, 2024 жылы электронды сауда-саттықтың әлемдік көлемі 6,3 трлн долларға жетті. Ал онлайн-сауданың үлесі барлық бөлшек сауданың 20 пайызына жақындап қалды.
- Бүгінде ғаламшар тұрғындарының шамамен 30 пайызы онлайн сауда жасайды және бұл үлес артып келе жатыр. Таяу жылдары e-commerce жаһандық нарығының көлемі 8,3 трлн долларға дейін артуы мүмкін, - деді QazTrade басқарушы директоры Айнұр Әмірбекова.

Мұндай қарқынды өсім электронды сауданы тек жылдам дамып келе жатқан сегмент қана емес, әлемдік экономиканың болашақ құрылымындағы маңызды элементке айналдырады.
Жаһандық тенденциялардың аясында Қазақстан айрықша байқалатын өсімді паш етіп отыр. 2020 жылдан бастап еліміздегі электронды сауда көлемі жеті есе ұлғайып, 2024 жылдың қорытындысында 3,2 трлн теңгеге жетті. Онлайн сатылым үлесі бөлшек сауда нарығында 14 пайыздан асты. 2029 жылға қарай бұл көрсеткішті 18,5 пайызға дейін арттыру жоспарланған.
- Электронды сауда күнделікті шынайы өмірдің бір бөлігіне айналды. Қазақстан әлемдік процестердің трендтерімен қатар келе жатыр, – деп атап өтті Айнұр Әмірбекова.
Нарық өсімін бірден бірнеше фактор қамтамасыз етеді: қолма-қол ақшасыз төлемдердің тез таралуы, маркетплейстердің дамуы, қолжетімді логистикалық шешімдер және тұтынушылық дағдының өзгеруі — сатып алушылар көбінесе жылдамдықты және тиімді бағаны таңдайды.
Орта сегмент сатушыларының басым бөлігі өздерінің сайттарынан бас тартып, ірі алаңдардың дайын инфрақұрылымына көшіп жатыр. Бүгінде онлайн сауданың 62 пайызы электроника мен жеңіл өнеркәсіп тауарларына, қалған 38 пайызы жаппай сұранысқа ие тауарларға тиесілі.
E-grocery (электронды бакалея) сегменті де қалыптасып үлгерді: көшбасшылар қатарында Kaspi, Яндекс тағам және Magnum бар.

Қазақстанда e-commerce-ті қолдау үшін 2027 жылға дейін электронды сауданы дамыту жоспары бекітілген: кәсіпкерлерді оқытады, кәсіби стандарттарды жаңартады және «Қазақстанда жасалған» деген арнайы бөлімдер құрылады. Сонымен қатар Қытайдан тікелей тауар сатып алу үшін B2B платформалары іске қосылды. Бұл сатып алу бағаларын 10-30 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Ozon және Wildberries Астана мен Алматыда жалпы ауданы 291 мың шаршы метр болатын үш фулфилмент орталығын салып жатыр. Қазпошта қытайлық серіктестерімен бірге ірі логистикалық жобаларды жүзеге асырып, JD.com-ның орысша-қазақша нұсқасын іске қосқалы жатыр.
Сондай-ақ, маркетплейстер үшін кепілдіктер, қайтару, ақпараттың дұрыстығы және деректерді сақтау талаптарын белгілейтін тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы жаңа заң әзірленіп жатыр. 2026 жылдан бастап маркетплейстердің мемлекеттік кірістер органдарына деректерді беру талаптары күшіне енеді.
Бизнес үшін сын-тегеуіріндер арасында маркетплейстердің комиссиялары, ауылдық жерлерде интернет сапасы және кеден рәсімдерінің күрделілігі бар.
ҚР Сауда және интеграция министрлігі e-commerce үлесін арттыру мақсатына қол жеткізуге болады деп есептейді және 2026 жылдан бастап енгізілетін ұлттық тауарлар тізілімі тек ұсыныс ретінде қолданылып, саудаға кедергі келтірмейтінін атап өтеді.

Өңірлік көшбасшылық
Жалпы, Орталық Азия электронды сауданың үлесін арттырып келеді. Бірақ елдер арасындағы айырмашылық әлі де елеулі болып тұр. Қазақстан мен Өзбекстан ірі нарықтарының, дамыған қаржылық инфрақұрылымының және логистикасының арқасында аймақтық e-commerce негізін қалыптастырып жатыр. Қырғызстан мен Тәжікстан әзірге шағын бизнес пен трансшекаралық тапсырыстарға мән беріп отырса, ал Түрікменстан онлайн айналымы шектеулі ең жабық сегмент болып қалуда.
IMARC Group болжамы бойынша, Орталық Азиядағы электронды сауда нарығының көлемі 2024 жылы 14,7 млрд долларға жетіп, 2023 жылмен салыстырғанда 32 пайызға ($11,1 млрд) өседі.
Қазақстан 7,3 млрд долларлық нарық көлемімен аймақтағы ең ірі ойыншы орнын сақтап қалды. Өзбекстан ең жоғары өсу қарқынын көрсетуде: нарық 2021 жылғы 201 млн доллардан 2023 жылы 543 млн долларға дейін артқан. Екі елдегі дамудың жеделдеуіне мемлекет бағдарламалары — «Цифрлық Қазақстан» және Өзбекстанның 2023–2027 жылдарға арналған электронды сауданы дамыту стратегиясы, сондай-ақ Ресей маркетплейстері Ozon, Wildberries және Yandex-тің батыс санкциялары енгізілгеннен кейін белсенді ілгерілетілуі әсер етті.

Бірақ, сектор аймақтың барлық елінде әлі де маңызды шектеулерге тап болып отыр. Мұхитқа шығатын жолдардың болмауына байланысты жоғары логистикалық шығындар жеткізу құнын 20–30 пайызға арттырады. Ауылдық жерлерде цифрлық қолжетімділік әлі де төмен: үй шаруашылықтарының тек 40 пайызында ғана тұрақты кеңжолақты интернет бар.
IMARC Group болжамынша, инфрақұрылым жақсарған жағдайда Орталық Азия елдеріндегі нарық 2030 жылға қарай 50–70 млрд долларға дейін артып, ал 2040 жылға қарай 200 млрд доллардан асуы, 500 мыңнан астам жұмыс орнын құруы мүмкін.
Экономист әрі Public Policy Research Center директоры Меруерт Махмутова аймақтық көшбасшылықтың негізгі қозғаушы күші финтех болғанын атап өтті.
- Орталық Азиядағы онлайн-сауда төлем технологияларының дамуы арқасында жылдам қарқынмен өсіп келеді. Қазақстан финтех саласындағы ең дамыған ел ретінде бірінші орынға жайғасқан, — дейді сарапшы.
Егер Орталық Азиядағы бес елдің онлайн саудасының жалпы көлемін 100 пайыз деп қарастырсақ, онда 2024 жылғы Қазақстанның үлесі 84 пайызды құрайды. Бұл тек жоғары үлес емес. Бұл - елдің ұзақ мерзімді бәсекеге қабілетті позициясын қалыптастыратын технологиялық артықшылығының көрсеткіші.

Бұл ретте сарапшы екіұшты тенденцияға да назар аударады.
— Демография мұнан ары өсім үшін әлеует береді. Бірақ сатып алу қабілеті әлі де шектеуші фактор болып қалады. Сатып алушылар көбінесе бағасы арзан, қызмет көрсетуі жылдам онлайн дүкендерді таңдайды, — деп атап өтті Меруерт Махмутова.
Қолма-қол ақшасыз төлем нарықты өзгертті
Қазақстан қолма-қол ақшасыз төлем құралдарын қолдану бойынша әлемдегі жетекші елдер қатарына кіреді. Мұндай операциялардың үлесі бүгінде 90 пайызға жақындап қалды. Бұл онлайн сауданың жылдам дамуына негіз қалап, бұрынғы дәстүрлі бөлшек саудада тұрақты болып көрінген сегменттерде де цифрлық сауданың кеңеюіне жол ашты.

Тәуелсіз қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев бұл өзгерісті растап, өзі байқаған мысалды келтіреді.
— «Электронды сауданы дамыту керек пе?» деген сұрақ бүгінде туындамайды — ол өздігінен дамыды. Ендігі мәселе басқада: офлайн-саудаға қалай өмір сүру керек? Тіпті ірі жиһаз орталықтары да бос қалды. Сондай орталықтардың бірінде 1 сағат жүргенімде бар болғаны бес сатып алушыны көрдім. Алайда, электронды коммерцияның арқасында сатылым әлі де жүріп жатыр, — деді сарапшы.
Оның айтуынша, дәл осы цифрлық төлемдер өсімнің негізгі қозғаушы күшіне айналды: олар ыңғайлылықты, қауіпсіздікті және жылдамдықты қамтамасыз етті — бұл факторларсыз электронды коммерция күнделікті өмірімізге мұндай терең бойлай алмас еді.
Бөлшек сауданың дәстүрлі моделіндегі іркіліс тек ірі қалаларда ғана емес, өңірлерде де байқала бастады. Онлайн-дүкендер арасындағы жоғары бәсекелестік аясында офлайн-нүктелер негізгі ресурстарын — тұрақты сатып алушылар ағынын жоғалтып жатыр.
— Сатып алушы тауар бағасына кіретін жалдау ақысын төлегісі келмейді. Егер офлайн-ритейл стратегиясын қайта қарамаса, онда ол банкротқа ұшырауы мүмкін, - деді осы тенденцияға қатысты пікір білдірген Меруерт Махмутова.
Андрей Чеботарев нарық енді қайтып бөлшек саудаға оралмайтындығына сенімді. Оның айтуынша, электронды коммерцияның қарқынды өсімі мыңдаған шаршы метр сауда алаңдарының бос қалуына алып келеді.
- Жақын арада осы бос қалған алаңдарға не істеу керектігін шешу қажет болады. Олар сатушыларға қажет болмай бара жатыр және де бұл бизнес үшін де, нысан иелері үшін нақты мәселеге айналады, - деді сарапшы.
Қазақстан жаңа сауда дәуіріне қадам басты
Қазақстан бөлшек сауда нарығын терең қайта құру кезеңінде тұр. Дамыған финтех экожүйесі, халықтың цифрлық сауаттылығы және онлайн қызметтерге жоғары сұраныс электронды сауданы жаңа негізгі экономикалық модельге айналдырды.
Алдағы жылдардағы басты міндет — офлайн-ритейлді бейімдеу, логистикалық инфрақұрылымды дамыту, сауда алаңдарын оңтайландыру және маркетплейстер арасындағы бәсекелестікті қолдау.
Еліміз әлемдік e-commerce нарығына тек қатысушы ғана емес, сонымен бірге Орталық Азияда өз ықпал аймағын қалыптастыра отырып, өңірдегі цифрлық сауданың дамуына серпін бере түсті.