Орталық Азиядағы ең қымбат жас футболшы кім

АСТАНА. KAZINFORM — Орталық Азияның трансферлік құны бойынша жаңа көшбасшысы – алматылық «Қайрат» пен Қазақстан жастар құрамасының 16 жастағы шабуылшысы Дастан Сәтпаев, деп хабарлайды Transfermarkt.

Дастан Сәтпаев
Фото: Transfermarkt

Аталмыш порталдың соңғы мәліметтері бойынша оның құны 500 мыңнан 1,8 миллион еуроға дейін көтерілген.

Бұл — Қазақстан үшін ғана емес, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Түрікменстан кіретін бүкіл Орталық Азия футбол аймағы үшін рекордтық көрсеткіш.

Жас шабуылшы рейтингтің бұрынғы көшбасшылары – құны 1,5 миллион еуроны құрайтын Тәжікстан құрамасының қақпашысы Рустам Ятимов (Ростов) мен өзбекстандық Абдувохид Нематовты («Насаф») басып озды.

Олардың қасында «Насафтың» тағы бір өкілі – жартылай қорғаушы Акмал Мозговой бар, оның да құны жақында 1,5 миллион еуроға дейін өсті.

Өзбекстандық ойыншылардың АФК Кубогында және Өзбекстан құрамасында тұрақты өнер көрсетуі аясында олардың құны одан әрі артуы мүмкін екені атап өтілді.

Тәжікстан чемпионатында бағаның 500 мың еуроға дейін төмендегеніне қарамастан, ең қымбат ойыншы болып Душанбенің «Истиқлол» клубының ойыншысы Алишер Жалилов қалды. Ол ел чемпионы мен ұлттық құрамадағы басты тұлға болып қалуда.

Қырғызстанда ең қымбат ойыншы — 450 мың еуроға бағаланған «Абдыш-Ата» клубының қорғаушысы Христиан Браузман.

Ол — 400 мыңнан жоғары бағамен Transfermarkt тізіміне енген Қырғызстан чемпионатының жалғыз өкілі.

Түрікменстанда бірінші орынды әрқайсысы 200 мың еуроға бағаланған үш ойыншы бөлісіп отыр: Селим Нұрмұрадов («Алтын Асыр»), сондай-ақ чемпион «Арқадаг» клубынан Мекан Сапаров пен Алтымурад Аннадурдыев.

Бір қызығы, «Тобылда» өнер көрсететін қазақстандық шабуылшы Ислам Чесноковтың да құны – 900 мыңнан 1 миллион еуроға дейін өскен. Бірақ, жергілікті жанкүйерлердің айтуынша, бұл оның ойын деңгейіне әлі жеткіліксіз.

Осылайша, Дастан Сәтпаев Орталық Азиядағы ең қымбат футболшылардың рейтингінде көш бастап қана қойған жоқ – ол аймақтағы футбол деңгейінің өсіп келе жатқанының символына айналды және 16 жасар таланттың жұлдыздарды қалай басып озатынының жарқын үлгісі болды.

Еске сала кетейік, ҚПЛ-да Дастан Сәтпаев маусымдағы сегізінші голын салып, «Қайратқа» жеңіс сыйлағаны жайлы жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар