Орталық Азиядағы трансшекаралық өзендердің экологиялық жағдайы зерделеніп жатыр
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Германияның «GIZ» халықаралық ынтымақтастық қоғамы климаттық ахуалды зерделеу үшін Орталық Азия елдеріне тәжірибелік көмек көрсетпек. Бұл туралы Ташкентте өткен сарапшылар кеңесінде мәлім болды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Ауқымды жобаға Германия үкіметі тарапынан 10 млн еуро бөлу жоспарланған. Ұйым таяуда бағдарламаны іске асыруға кірісті. Оның аясында 5 трансшекаралық өзеннің экологиялық ахуалы зерделеніп жатыр.

- Барлық 5 мемлекетте жобамыз жүзеге асып жатыр. Негізгі 3 бағыт бар. Ең маңыздысы - трансшекаралық өзендердегі тәуекелдерді бағамдау. Бұл ретте біз бір мемлекеттен әзірге бір ғана су айдынын таңдап отырмыз. Зерттеу барысында оған климаттың қаншалық әсер етіп жатқанын және жергілікті халыққа ықпалы қандай екенін анықтаймыз. Техникалық бағалау жүргіздік. Енді келер жылы тәуекелдерді азайту бойынша нақты іске кірісеміз, - деді «GIZ» климаттық тәуекелдерді басқару өңірлік бағдарламасының басшысы Сергей Макаров.
Ұйым аймақтағы су жетіспеушілігі мәселесіне баса көңіл бөліп отыр.

Мамандардың айтуынша, бұл бағыттағы қандай болжам болса да көңіл көншітпейді. Яғни, жыл сайын су көлемі азайып, тұтынушы саны артып келеді.
- Қазір жиі қуаңшылық болып жатыр. Климат өзгеріп, кейде оның соңы тіпті су тасқынына ұласуда. Сондықтан жағдайға қарай бейімделуіміз керек. «GIZ» ұйымы ұйымдастырған семинарда түрлі әдістемелерді қарастырып, тиімдісін анықтаймыз, - деп тоқталды ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты басқарманың бас сарапшысы Айжан Мамедалиева.
Халықаралық жоба аясында биыл алғаш рет 30 маман арнайы курстан өтті. Олар экономика салаларын климаттық өзгеріске, оның ішінде су тапшылығына бейімдеу әдістерін меңгеріп шықты.

Айта кетейік, «GIZ» зерттеуіне іліккен трансшекаралық 5 өзеннің бірі - Шу. Сарапшылар су айдыны арнасының тарылып бара жатқанына алаңдаулы.
- Жобаға Жамбыл облысының Шу ауданы таңдалды. Ол жердің халқы негізінен ауыл шаруашылығымен айналысады. Судың азаюына байланысты жергілікті климат өзгеріп жатыр. Енді шаруашылықты соған сай бейімдеп, суды үнемдеп пайдалану тетіктерін енгіземіз. Кейін осы тәжірибе өзге де өңірлерде қолданылады, - деп мәлім етті Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері Мирабид Мирдадаев.