Орталық Азияны сын-қатер аймағы деп қарау дұрыс емес — FAO бас директоры
АСТАНА. KAZINFORM — Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымының бас директоры (FAO) Цюй Дунъюй Астана халықаралық форумында Орталық Азия елдеріне су тапшылығы мәселесін ынтымақпен шешуге шақырды.

— Су тапшылығының экологиялық, әлеуметтік салдары болатыны қазірдің өзінде сезініп отырмыз. Су қауіпсіздігі болмаса, климат күйзелістеріне қарсы орнықтылық та болмайды. Еуропада, Орталық Азия аймағында азық-түлік, су қауіпсіздігі аса маңызды проблема болып отыр. Орталық Азия елдері, соның ішінде Қазақстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан климат өзгерісінің үлкен ықпалында. Бұл үрдіс көптеген саланың тұрақтылығына әсер етіп жатқанын көріп отырмыз, — деді ол.
Сондай-ақ, ол бұл проблеманы шешуде өзара ынтымақ пен жасанды интеллект таптырмайтын құрал бола алатынын айтты.
— Орталық Азияны бұл тұрғыдан сын-қатерлер аймағы деп айтуға болмайды. Оны керісінше мүмкіндіктер аймағы деп атауға болады. Сіздерге бұл проблемаларға тұтас ағза ретінде қарау керек. Ол мүмкіндіктерді іске асыру үшін ынтымақ керек. Өйткені бәріміз бір өзен бассейнінің бойында тұрып жатырмыз. Шекара өзенді тоқтатпайтынын түсінесіздер ғой. Сондықтан өзара сенімге құрылған, ашық қарым-қатынас құру қажет. Бұл мақсаттарға жасанды интеллект құралдарын да қолдануға болады, — деді Цюй Дунъюй.
Айта кетейік, елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Астана халықаралық форумы өтіп жатыр.