Орталық Азияның 5 елі туберкулезге қарсы бастама декларациясына қол қойды
АСТАНА. KAZINFORM — Елордада 5 елдің денсаулық сақтау министрлері «Орталық Азия туберкулезден азат» бастамасы жөніндегі декларацияға қол қойды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропалық өңірлік бюросының бұл бастамасы Орталық Азия елдерімен және бірқатар мүдделі тараптармен әріптестікте 2030 жылға қарай субөңірдің барлық мемлекеттерінде туберкулезді, оның ішінде дәріге көнбейтін түрлерін жою процесін жеделдетуге бағытталған.
Атап айтқанда, декларацияға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанның Денсаулық сақтау министрлері қол қойды.

— Орталық Азиядағы туберкулезге қарсы күресте біз қол жеткізген жетістіктерімізді нығайтып, мәре сызығына жету үшін медицинаның шынымен таңғажайып жетістіктерін пайдалануымыз керек. Бұл маңызды субөңірлік бастама ДДҰ-ның еуропалық өңірінің басқа елдеріне және одан тыс жерлерге үлгі болады, олар туберкулездің жоғары көрсеткіштері проблемасына тап болған кезде трансшекаралық ынтымақтастыққа жүгінуге мүмкіндік береді, - деді ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросының директоры, доктор Ханс Генри П.Клюге.
Бастама 2023-2027 жылдарға арналған жаһандық мақсатты белгілейтін және туберкулез мәселелерін шешуге субөңірлік көзқарастың маңыздылығын көрсететін БҰҰ-ның 2023 жылғы туберкулез бойынша жоғары деңгейдегі екінші отырысының саяси декларациясын қоса алғанда, қабылданған жаһандық міндеттемелерге негізделген. Ол сондай-ақ ДДҰ-ның екінші еуропалық жұмыс бағдарламасының (2026-2030 жж.) ережелеріне сәйкес келеді. 2027 жылға қарай күтілетін елеулі нәтижелерді ескере отырып, «Орталық Азия туберкулезден азат» бастамасы Орталық Азияның бес мемлекеті үшін туберкулезді жою үшін құрылымдық негіз болады.

— Туберкулез бен оның дәріге көнбейтін түрлері Орталық Азия елдеріне әлі қауіп төндіріп тұр. Жыл сайын өңірде 35 мыңдай жаңа туберкулезбен ауырған адам анықталады, оның 8 мыңы — көптеген дәрілерге төзімді түрі саналады. Бұл цифрлар жай ғана статистика емес, оның артында адамдардың,отбасылардың және халықтың тағдыры тұр. Бірақ бүгін біз тек қиындықты ғана айтпаймыз, оны шешу жолын да атап өтеміз. «Орталық Азия туберкулезден азат» бастамасы бізге керек жол. Ол — бірлескен өңірлік бастама, үйлесімді іс-әрекет және заманауи технологиялар, — деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.

Орталық Азияның бес мемлекетінің төртеуі дәріге көнбейтін туберкулез ауыртпалығы (ДК-ТА) жоғары әлемнің 30 елінің қатарына кіреді. Осы елдердің үшеуінде ДК-TА көрсеткіштері бұрын емделген пациенттер арасында 50%-дан асады және бұл дерт алғаш рет анықталған пациенттердің арасында 26-дан 34% шамасында болады.
Еске сала кетейік, елімізде туберкулезден өлім-жітім 50 пайызға азайды.