Орталық Азияның экобелсенділері «COP29» конференциясына дайындалып жатыр

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Орталық Азия елдерінің жас экобелсенділері Өзбекстанда бас қосып, аймақтаға экологиялық мәселелерді ортаға салып, олардың шешу жолын талқылады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.

Экобелсенді
Фото: ӨР Экология, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі министрлігі

Аймақта жас экобелсенділердің қозғалысы бұған дейін болмаған. Өзара интеграция енді жолға қойылып келеді. Өзбекстан үкіметі ұйымдастырған халықаралық экологиялық лагерь осы мақсатты көздейді.

Өзбекстан
Фото: ӨР Экология, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі министрлігі

«Халықаралық экологиялық лагерьді екінші жыл қатарынан ұйымдастырып келеміз. Былтырға қарағанда биыл іс-шараға қатысушылардың географиясы кеңейді. Мұның бәрі жаһандық климаттық өзгеріс мәселелерін реттеуге бағытталған. Жастардың оған қызығушылығы жоғары», - деді Өзбектан экология министрлігінің басқарма басшысы Анвар Темиров.

Орталық Азияның табиғат қорғаушылар қозғалысына Түркия, Венгрия және Әзербайжан жастары да қосылып отыр. Соңғысы биыл климаттық өзгеріс саммитін қабылдайды. Бакуде өтетін «COP29» конференциясына экобелсенділер қызу дайындыққа кіріскен. Олар экосауаттылықты арттыруға бағытталған семинар-тренингтерге қатысып, ортақ ой қалыптастыруға ден қойған.

Өзбекстан
Фото: ӨР Экология, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі министрлігі

«Су тапшылығы және климаттың өзгеруі сияқты өзекті мәселелерді талқылауға жиналдық. Біздің жастар бірігіп, кооперациялық топ құрып, түйткілдердің шешілуіне атсалысуы керек. Болашақта бұл мәселелерді жаһандық деңгейдегі климаттық конференцияда көтеруді жоспарлап отырмыз», - деп бөлісті қазақстандық экобелсенді Темірлан Болат.

Экобелсенді
Фото: ӨР Экология, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі министрлігі

Лагерь аясында қатысушылар экологиялық жобаларды талқылап қана қоймай, оларды әзірлеу ісіне атсалысты. Сонымен қатар, жастар қоршаған ортаны қоқыстан тазарту әрі қалалық жерлерде қалдықтарды сұрыптаудың маңыздылығын атап өтті.