Орталық Азияның еңбек мигранттары Қазақстанда 136 млрд теңге «тауып», өз елдеріне 1 трлн теңге аударған

АСТАНА. KAZINFORM — Парламент Сенаты Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Сұлтанбек Мәкежанов елге сырттан келетін еңбек мигранттарының санындағы қайшылықтарды атады. 

Орталық Азияның еңбек мигранттары Қазақстанда 136 млрд теңге «тауып», өз елдеріне 1 трлн теңге аударған
Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

— Көлеңкелі экономика мәселесін қарастырсақ, Жоғарғы аудиторлық палатаның аудиті нәтижесінде, көлеңкелі экономиканың кіріс бөлігі бойынша бюджетке әкелетін жанама шығын 74 млрд теңге болған.

Мысалы, елімізге жақын орналасқан Орталық Азиядағы үш елдің азаматтары Қазақстанда үш жылда 136 млрд теңге тапқан. Алайда Ұлттық банктің мәліметі бойынша, осы мерзім аралығында олар өз елдеріне шамамен 1 трлн теңгеге жуық қаражат аударғаны анықталды. Бұл көрсеткіштер — көлеңкелі өнім немесе көлеңкелі қызметтің нақты өндірілгенін көрсететін бірден-бір белгілер, — деді сенатор.

Оның пайымдауынша, осындай тәуекелдерді азайту үшін көлеңкелі экономиканы бағалау тәсілдерін және салық жеңілдіктерінің тиімділігін бақылау әдістерін мұқият қарастыру керек.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми дерегіне сенсек, Қазақстанға еңбек мигранттарын «экспорттайтын» негізгі елдер мыналар; Қытай — 5 054 адам, Өзбекстан — 1 926 адам, Түркия — 1 079 адам, Үндістан — 1 078 адам. 

Соңғы жаңалықтар