Орталық Азияның ЕО сияқты қуатты экономикалық және саяси блокқа айналуын тілеймін — Эдуардс Стипрайс
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Самарқанда ЕО-Орталық Азия саммиті өтеді. Еуроодақтың арнаулы өкілі Эдуардс Стипрайс Kazinform агенттігіне берген эксклюзив сұхбатында өңірлік ынтымақтастық, экономикалық өсім және негізгі сауда оқиғалары жайлы айтып берді. Сонымен қатар саммиттің саяси мән-маңызы мен өңірлер арасындағы ынтымақтастықтың кеңейе түскен рөлін атап өтті.

— Бүгін ЕО-Орталық Азия саммитінде қандай мәселелер талқыланатындығын егжей-тегжейлі айтып бересіз бе? Жиынның қандай саяси мәні бар?
— Саммиттің мән-маңызы зор деп санаймын. Өйткені, бұл Орталық Азияның барлық 5 көшбасшысы ЕО басшылығымен — Еуропалық одақ пен Еуропалық комиссия президенттерімен кездесетін алғашқы саммит болмақ. Біз мұны екі өңір үшін де ортақ мүддені білдіретін салалардағы серіктестік ретінде қарастырамыз. Себебі Орталық Азияны экономикалық даму тұрғысынан да, саяси диалог тұрғысынан да маңызды серіктес көреміз.
Мұнан бөлек, Орталық Азия атауы айтып тұрғандай — орталық. Ол Еуразияның ортасында орналасқан және Шығыс — Батыста да, Солтүстік — Оңтүстік бағытта да байланысты қамтамасыз етеді. Самарқандағы талқылау мына мәселелерге арналмақ: байланыстарға, аса маңызды шикізаттық материалдар саласындағы ынтымақтастыққа, қоршаған орта мәселелері бойынша өзара іс-қимылға, су ресурстарына, климаттың өзгеруіне, сонымен қатар әрине, бізге тікелей жақындықтағы қауіпсіздік жағдайына. Біз осы тақырыптарды талқылап, мұнан ары қарайғы бірлескен жұмыс үшін жол картасын белгілеуді жоспарлап отырмыз.
— Сіздің пайымыңызша, Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастық ҰҚШҰ, ШЫҰ және өзге де өңірлік ұйымдар аясында қалай дамып келеді?
— Меніңше, біз үшін ең маңыздысы — ішкі ынтымақтастықты және Орталық Азиядағы ықпалдастықты күшейту. Соңғы жылдары бұл бағытта оң өзгерістер болып жатыр. Енді өңір көшбасшыларының консультативтік кездесулері тұрақты өткізіледі. Оның түрлі — министрлер, сарапшылар және басқа да деңгейде өтетіндігін түсінемін. Аталған кездесулер барысында Орталық Азия елдері үшін ортақ мүддені білдіретін мәселелер талқыға түседі. Меніңше, бұл аса маңызды.
Мұнан бөлек, түрлі халықаралық алаң бар. Оған Еуропалық одақ та, Орталық Азия елдері де қатысады. Іс жүзінде сіздердің елдеріңізге қандай алаңда өздерінің алдына қойып отырған және барынша мол пайда әкелетін мақсаттарын таба алатындығын шешу ғана қалады.
Барлық ел бірдей түрлі ұйымға кірмейтіндігін білеміз. Біреулері толыққұқылы мүше болса, енді бірі — байқаушылар. Бұл шешімді әрбір ел дербес қабылдайды. Біздің бәріміз бірге қатысатын БҰҰ немесе ЕҚЫҰ сияқты негізгі халықаралық ұйымдардың да бар екені белгілі.
Меніңше, ол жерде ортақ мақсаттарға жету, оның ішінде ережелерге негізделген халықаралық тәртіпті сақтау және қолдау тұрғысынан өзара әрекеттесу және бірлесіп жұмыс істеу үшін мүмкіндіктер бар.
— Келесі сауал экономикаға қатысты. Қазіргі уақытта қандай еуропалық инвестициялық жобалар Орталық Азияда жүзеге асырылып жатыр?
— Еуропалық инвестициялық жобаларды екі бағытқа бөлуге болатындығынан бастаған жөн болар. Айтайын дегенім, Еуропалық одақ ұйым ретінде экономикалық, әлеуметтік даму және су ресурстары, климат пен қоршаған орта сияқты ортақ мүдделермен байланысты мәселелерді қолдай отырып, Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық бағдарламасын жүзеге асырады. Байланыстылықты дамыту да маңызды рөл атқарады. Мәселен, еуропалық Global Gateway бағдарламасы бар. ЕО бұл мақсаттарға 550 млн еуроға дейін бөлді.
Дегенмен, әрине экономика, компанияларға, жұмыс орындарын құруға салынатын инвестициялар — жеке инвесторлар жасайтын іс. Бұл орайда жалпы ЕО Орталық Азияның маңыздылығы жағынан екінші сауда серіктесі екенін атап өткен маңызды. Егер қаталеспесем, өңірге ағылған барлық шетелдік тікелей инвестицияның шамамен 40 пайызы Еуропаға тиесілі.
Осылайша, ЕО аймақа экономиканың негізгі секторларындағы жеке инвесторлар арқылы да, экономикалық дамуға және біздің аймақтар арасындағы көлік байланысын жақсартуға ықпал ететін Еуроодақ бастамалары арқылы да қатысып отыр. Өйткені, ашығын айтқанда, жай ғана тауар өндіру жеткіліксіз, сыртқы нарықтар мен осы нарықтарға өнімді жеткізу қажет. Сондықтан екі жақты сауданы дамыту үшін өңірлеріміз арасындағы тауарлардың үздіксіз қозғалысын қамтамасыз ететін сауда бағыттарының ашық болуы, жұмыс істеуі және жетілдірілуі аса маңызды.
— Осы тақырыпты жалғастыра түссек, қазіргі уақытта Орталық Азия экономикасының қандай секторы еуропалық және халықаралық инвесторлар үшін аса тартымды?
— Егер аса маңызды шикізат материалдары қазіргі уақытта зор қызығушылық тудырып отыр десем, бұл жаңалық емес деп ойлаймын. Еуропалық одақ пен оның мүше-мемлекеттері, сондай-ақ жаһандық қоғамдастық барынша жасыл экономикаға көшумен байланысты климаттық мақсаттарға қол жеткізуге ұмтылады. Қазақстанды қоса алғанда Орталық Азия елдері де осы бағытта міндеттемелер алды. Өте өршіл мақсаттар және біз оларға риза екенімізді айтуға тиіспіз. Себебі бұл — жаһандық проблема және оны бірлесіп шешу қажет.
Ол үшін бізге жаңаратын энергия көздеріне көшу керек. Бұл көбірек аккумулятор шығару үшін әртүрлі шикізаттың, негізінен металдардың, сондай-ақ электр энергиясын өндіру үшін жабдықтардың мәселен, күн панелдері, жел турбиналары қажеттігін білдіреді. Өндіруші қуаттарды тұтынушылармен байланыстыратын кабельдер тарту үшін бізге мыс қажет. Мен мұны ХХ ғасырдағы мұнай дер едім. ХХІ ғасырда аса маңызды шикізат деп атайтынымыз жаңа маңызды сала саналады. Ол бізге «жасыл» көшуді жүзеге асыруға қажет.

— Орталық Азия мен ЕО арасындағы экономикалық ынтымақтастықты кеңейтудің келешегі қандай?
— Меніңше, Орталық Азияда еуропалық жағынан әлі толықтай ашыла қоймаған әлеует бар. Ашығын айтқанда, ондаған жыл бойы еуропалық инвесторлар да, еуропалық тұтынушылар да басқа өндірушілерге назар аударды. Сіздерден шығысқа қарай орналасқан Қытай сияқты ірі ойыншыларды, Оңтүстік-Шығыс Азияны және көптеген тауарды жеткізетін басқа аймақтарды айтып отырмын. Осы орайда Орталық Азияның да бұл тауарларды өндіруде әлеуеті зор.
Сіздерде жұмыс күші бар, ең бастысы, бұл жұмыс күші барынша білікті және жақсы білім алған. Сіздерде жерден өндірлетін де, сол жерде өсірілетін де шикізат бар. Өнеркәсіптік тауарлар мен тоқыма бұйымдарын, сондай-ақ азық-түлік өнімдерін айтам. Еуропалық нарықтарға ене алатын және шығуы тиіс өнімдер бар. Еуропалық тұтынушылардың Орталық Азияда, осы жерде өндірілген өнімдердің рахатын көруге мүмкіндігі болуы қажет.
— Біз әлі сөз қозғамаған секторлардың бірі — технология. Қазақстан жасанды интеллект саласын белсенді түрде дамытып келеді. ЕО-да Орталық Азиядағы стартаптар мен инновациялық технологияларды қолдау бағдарламасы бар ма?
— Стартаптар аса маңызды. Өйткені, орныққан ірі компаниялар тәуекелге баруға батылы жетпеген кезде олар серпін жасай алады. Бізге тәуекелге баруға дайын, одан қорықпайтын және инновациялар енгізетін жас және өршіл адамдар қажет. Тек қана стартаптарға бағытталған нақты бағдарламаларымыз жоқ. Бірақ, шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған бағдарламаларымыз бар.
Ашығын айтқанда, көп жағдайда стартаптар не шағын, не микрокәсіпкерлік болып келеді. Олар қазірдің өзінде Орталық Азияда бар мүмкіндіктерді толықтай пайдалана алады. Оларға аталған мүмкіндіктер жайлы мол ақпарат немесе тіпті тренингтер және өзге де қолдаулар қажет болуы мүмкін. Бұл жеке инвестициялық қорларға арналған сала сияқты. АҚШ пен Еуропа нарығы барынша мазмұнды бола түскендіктен, венчурлық капиталистер өзге өңірлерден мүмкіндіктер іздей бастады.
Осы тұрғыда Орталық Азия ашылмаған мол әлеуетке ие. Бар болғаны, аздаған маркетинг қажет.
— Таяуда Қазақстан ЕО-ға бал экспорттай бастайтындығы туралы ақпарат болды. ЕО Қазақстан өндірушілеріне тауарларын еуропалық стандарт бойынша сертификаттауда қолдау көрсетуді жоспарлап отыр ма? Еуропалық одақ Қазақстан омарташыларына олардың өнімдері еуропалық нарық талаптарына бейімделуі үшін техникалық немесе қаржылық көмек көрсету мүмкіндігін қарастыра ма?
— Ең алдымен, Қазақстанды балын еуропалық нарыққа шығуын қамтамасыз ете алуымен құттықтауым керек. Біріншіден және өте маңыздысы, біз қандайда бір айрықша қызмет көрсетпейміз. Жоқ. Кез келгені жай ғана еуропалық нарыққа енуге мүмкіндік ала алады. Бірақ, олар кейде, әсіресе жануарлардан алынатын өнімдер үшін денсаулық пен қауіпсіздік саласындағы аса қатаң ережеге сай болса болғаны. Қазақстан тек бал ғана емес, ет пен сүт өнімдерін, сондай-ақ жабайы табиғатта ауланған балықты экспорттайтындығын атап өткенім жөн. Қазақстан ендігі уақытта ет пен сүт өнімдерінен бөлек, аквашаруашылық саласын кеңейткісі келетінін білемін.
Еуропалық одақ Қазақстан билігі мен бақылаушы органдарына қажетті оқыту, қажетті құжаттама түріндегі көмегін көрсетеді. Өйткені ең маңыздысы — жүйе сенімді болуы үшін сіздердің өздеріңіздің ветеринарлық қызметтеріңіз, ветеринарлық бақылауларыңыздың лайықты жұмыс істеуі. Әрине, омарташыларға, сонымен қатар өзге де ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге қандай жайтты сақтауы керектігін білуі үшін қажет болса оқытуды да ұйымдастыра аламыз. Мәселен, балдың түрлі ауыл шаруашылығы химикаттарымен немесе өнеркәсіптік ластану қалдықтарымен былғануын болдырмауды.
Шынын айтсақ, экономикасы Қазақстандағыдай дамымаған Орталық Азия елдерінің жекелеген фермерлеріне емес, фермерлік ұйымдарына қолдау көрсетеміз. Мысалы, олар Еуропалық одақтың тарифтік жүйесіне қол жеткізудің жеңілдетілген жүйесінен де пайда алады. Дәл сондықтан бұл да — дамуға көмектің бір түрі.
Қазақстанда аталған өндірушілер мұндай қаражатты жергілікті деңгейде ала алады деп ойлаймын. Мұндай мүмкіндіктің бар екеніне де сенімдімін. Біз дайынбыз және сұраныс бойынша техникалық көмек көрсетеміз. Таяу жылдары еуропалық дүкендердің сөрелерінде Қазақстан өнімдерінің пайда боларына сеніммен қараймын.
— Қазақстанның өзге де өнімдері ЕО-ға экспорттала ма? Осыған қатысты алдын ала келісімдер бар ма?
— Бұл жеке операторларға байланысты. Менде мәлімет жоқ. Дегенмен, Еуропадан қазақстандық қауынды көргенім бар. Бұл өндіруші белгілі бір ережені сақтаған жағдайда кез келген өнімді еуропалық нарыққа экспорттауға болатындығын көрсететін бір мысал ғана. Кейде аздаған маркетингтің талап етілетін кезі болады.
Сонан соң, әрине, арақашықтықтың шалғай болуына байланысты қандай өнімді тасымалдауға болатынын ойланған жөн. Өйткені, көлік шығындары өнімдеріңіздің, әсіресе ауыл шаруашылығы тауарларының бәсекеге қабілеттілігіне әсер етеді.
Еуропалық нарықта бірнеше жылдан бері, тіпті ондаған жыл бойы сатылатын бір өнім бар. Әрине, ол — Қазақстан астығы. Осы жерде өндірілген кейбір өсімдік майының да Еуропада барын білемін. Мәселе Қазақстан экспорттаушыларына жердің шалғайлығына, бағаға байланысты өз өнімдерін Еуропаға жөнелтудің экономикалық мәнінің бар-жоғында ғана. Меніңше, барлық өнімді жеткізуге болады.
— Өңірлеріміздің ынтымақтастығының негізгі бағыттарының бірі — жасыл энергетикаға көшу. Өңірдегі жасыл энергетиканың даму келешегіне, мәселен Қазақстанның атом электр стансасын салу жоспарына қандай баға берер едіңіз?
— Меніңше, ең маңыздысы — шындығында да климаттың күнделікті өмірімізге әсерін азайту үшін оның өзгеруімен күрестегі міндеттемелерімізді қолдау.
Соңғы жылдары климаттың өзгеруі бізді, тіпті оған сенбейтіндерді де мазалай бастады. Бұл барлық уақытта аптап ыстық жаз бен жылы қысты білдіре бермейді. Климаттың өзгеруі салдарынан өткен жылы Қазақстан да, сонымен қатар Еуропа да аптап ыстық пен құрғақшылық кезеңіне тап болып, одан кейін су тасқынын тудырған тосыннан нөсер жауын сынды экстремалды ауа райы жағдайын жиі байқай бастадық.
Меніңше, ең маңыздысы — жасыл көшуді қамтамасыз ету, ол үшін ең технологиялық қарапайым шешім жаңаратын энергия болмақ. Дегенмен, бұл біршама бастапқы инвестицияны талап етеді.
Ядролық энергетикаға келер болсақ, ол Еуропада жұмыс істеп тұр. Шындығын айтқанда, ұйым ретінде Еуропалық одақта бұл мәселеге қатысты ортақ пайым жоқ. Франция сынды біршама дәрежеде атом энергетикасына тәуелді ел бар. Өзінің энергетикалық теңгерімінде оны пайдалануға тыйым салған елдер де кездеседі. Бұл шешім әрбір мемлекеттің өз еншісінде.
Еуропалық одақ одақ ретінде неге басымдық беретініне келсек, бұл — ядролық қауіпсіздік. Өйткені, біз үшін ядролық қауіпсіздік, ядролық отынды, сонымен қатар пайдаланылатын технологиялық процестерді қауіпсіз айналымға енгізу аса маңызды мәнге ие. Біз әлі күнде дейін Еуропада, тіпті тек Еуропада ғана емес, сонымен бірге жер шарының өзге де аймағында 1986 жылы болған Чернобыль апаты салдарымен өмір сүріп жатырмыз. Сондай-ақ таяудағы Фукусима (2011 жылы) апатын да бәрі біледі.
Біз ең бастысы — бұл қауіпсіздік дер едік. Ядролық энергетикаға қарсылығымыз жоқ. Көптеген ел оны табысты пайдаланып отыр. Тіпті жаңа реакторлар да салып жатыр. Әрине, ескісіне қарағанда жаңа буын реакторлары әлдеқайда қауіпсіз. Меніңше, атом энергетикасы болуы тиіс. Бірақ, әрбір мемлекет оны қандай деңгейде пайдаланатындығын өзі шешуі қажет.
— Сіздің пайымыңызша, ЕО мен Орталық Азия ынтымақтастығын қандай келешек күтіп тұр?
— Өте жарқын келешегін көріп отырмын. Ынтымақтастығымыз — «Ок, бұл символдық түрде немесе басқа бір нәрсе үшін қажет» деп ойлауға болатын жасанды дүние емес. Өйткені мұндай жағдайда ол жай ғана солып қалар еді. Бізде бірлесіп жұмыс істеуге деген үлкен өзара қызығушылық бар. Еуропалық одақтың Орталық Азияның әрбір елімен, сондай-ақ жалпы аймақпен өте жақсы ынтымақтастығы жолға қойылған деп есептеймін. Орталық Азия өзін біртұтас аймақ ретінде танытқан сайын, бұл одан да жемісті бола түспек.
Біз өз мысалымызға қарап, Орталық Азияның ішкі ықпалдастығының зоо әлеуетін көріп отырмыз. Еуропалық одақ 70 жылдан астам уақыт бұрын көмір мен болат бірлестігі ретінде басталды. Ал енді әлемдегі ең қуатты экономикалық және саяси блоктардың біріне айналып отыр. Орталық Азияға да осындай табыс тілеймін.
Ағылшын тіліндегі түпнұсқа материалды мына жерден оқуға болады.
Еске сала кетейік, бұған дейін «Орталық Азия – Еуроодақ» алғашқы саммитіне кімдер қатысатынын жазған болатынбыз.