Орталық Азияның жаңа экономикалық кеңістігі: Тоқаев қандай бағыттарды ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM — Орталық Азия мен Әзербайжан арасындағы өзара ықпалдастық соңғы жылдары экономикалық байланыстармен қатар көлік, су қауіпсіздігі және жаңа технологиялар бағытында да кеңейіп келеді. Бұл үдеріс Орталық Азия мен Әзербайжан мемлекеттері басшыларының VIII Консультативтік кездесуінде одан әрі жалғасын тапты. Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңір елдерінің ортақ мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға бағытталған бірқатар бастама ұсынды.
Саясаттанушы Сүйінбай Сүйіндіковтің айтуынша, Президенттің ұсыныстары өңірдегі экономикалық байланыстарды жаңа мазмұнмен толықтыруға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, өзара сауда көлемін 20 миллиард долларға жеткізу, көлік дәліздерін дамыту және өнеркәсіптік кооперацияны күшейту Қазақстанның ғана емес, бүкіл Орталық Азияның экономикалық әлеуетін арттыруға ықпал етеді. Сарапшы Мемлекет басшысының көлік инфрақұрылымына басымдық беруін Қазақстанның транзиттік мүмкіндіктерін кеңейтетін маңызды бағыт ретінде атап өтті.
Сондай-ақ сарапшы Қасым-Жомарт Тоқаевтың су ресурстарын басқару, жасанды интеллект саласындағы серіктестік және өңірлік бастамаларды нақты жобаларға айналдыру жөніндегі ұсыныстарына тоқталды. Оның пікірінше, бұл бастамалар Қазақстанның өңірлік күн тәртібін қалыптастыруға белсенді қатысып отырғанын көрсетеді. Президенттің келісімдер мен бастамалардың нақты нәтижесіне басымдық беруі Орталық Азиядағы ынтымақтастықты практикалық мазмұнмен толықтыруға негіз бола алады.
— Орталық Азия мен Әзербайжанның өзара сауда көлемін 20 миллиард долларға жеткізу жөніндегі бастама өңірлік экономикалық ықпалдастыққа қандай серпін бере алады? Осы ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономикалық байланыстарды тереңдетуге бағытталған ұсыныстарының маңызын қалай бағалайсыз?
— Орталық Азия мен Әзербайжан арасындағы өзара сауда көлемін 20 миллиард долларға жеткізу жөніндегі бастаманы өңірлік экономикалық ықпалдастықты жаңа деңгейге шығаратын маңызды стратегиялық мақсат деп бағалауға болады. Мұнда мәселе тек сауда көлемін ұлғайтуда емес. Ең маңыздысы — мемлекеттер арасындағы экономикалық байланыстардың құрылымын өзгертіп, бір-бірін толықтыратын экономикалық кеңістік қалыптастыру.
Бүгінде Орталық Азия елдері мен Әзербайжанның экономикалық әлеуеттері бір-бірімен жақсы үйлеседі. Қазақстан мен басқа да Орталық Азия мемлекеттері энергетика, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және шикізат ресурстарына ие болса, Әзербайжан Каспий арқылы Кавказға, Түркияға және одан әрі Еуропа нарығына шығатын маңызды қақпа болып отыр. Сондықтан сауда көлемін арттыру көлік, логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі және инвестиция салаларындағы кооперациямен қатар жүруі тиіс.
Президент Тоқаевтың ұсыныстарының ерекшелігі де осында. Ол экономикалық ынтымақтастықты жекелеген екіжақты жобалар шеңберінде ғана емес, Орталық Азия — Кавказ — Еуропа бағытындағы кеңірек геоэкономикалық байланыстар жүйесі ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.
Меніңше, бұл бастама іске асса, Қазақстанның экономикасы үшін де бірнеше жаңа мүмкіндік пайда болады. Біріншіден, экспорттық нарықтар әртараптандырылады. Екіншіден, қазақстандық өнімдердің Кавказ және Еуропа нарықтарына шығу мүмкіндігі артады. Үшіншіден, Орта дәліз бойында жаңа өндірістік және логистикалық жобаларды орналастыруға жағдай жасалады.
Сондықтан 20 миллиард долларлық межені тек сандық көрсеткіш ретінде емес, аймақаралық экономикалық интеграцияның индикаторы ретінде қарастырған дұрыс. Егер бұл мақсат нақты инвестициялық жобалармен, жеңілдетілген сауда рәсімдерімен және тиімді логистикалық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілсе, оның мультипликативтік әсері өте жоғары болады.
— Қазақстанның көлік инфрақұрылымын дамытуы және Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне басымдық беруі Орталық Азияның транзиттік әлеуетін арттыруға қалай әсер етеді? Президенттің Мойынты–Қызылжар, Дарбаза–Мақтаарал, Бақты–Аягөз бағыттары мен Арал–Каспий магистраліне қатысты ұстанымын стратегиялық тұрғыдан қалай бағалайсыз?
— Бұл жобалардың стратегиялық маңызын Қазақстанның Еуразиядағы транзиттік географиясын қайта қалыптастыруымен байланыстыруға болады. Қазақстанның географиялық орналасуы өздігінен үлкен артықшылық береді, бірақ оны нақты экономикалық артықшылыққа айналдыру үшін заманауи және өзара байланысқан инфрақұрылым қажет.
Мойынты–Қызылжар, Дарбаза–Мақтаарал және Бақты–Аягөз бағыттары Қазақстанның ішкі көлік желісін күшейтіп қана қоймайды. Олар Қытай, Орталық Азия, Каспий маңы және Ресей бағыттарындағы жүк ағындарын тиімді байланыстыруға мүмкіндік береді. Яғни бұл жобаларды жеке-жеке теміржол немесе автомобиль инфрақұрылымы ретінде емес, Қазақстанның бірыңғай транзиттік жүйесінің элементтері ретінде қарастырған жөн.
Ал Арал–Каспий магистралі тұрғысынан қарағанда, оның маңызы одан да кең. Ол еліміздің батыс және орталық өңірлерін байланыстырып, Каспий бағытындағы транзиттік мүмкіндіктерді күшейтуге ықпал етеді. Ең бастысы бұл инфрақұрылым Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің тиімділігін арттырады. Орта дәліздің бәсекеге қабілеттілігі тек Каспийдегі порттардың немесе теміржол желілерінің жағдайына байланысты емес. Оның бүкіл бағыты бойынша жүктің үздіксіз, жылдам және болжамды қозғалысы қамтамасыз етілуі керек. Сондықтан Президенттің көлік инфрақұрылымына басымдық беруін мен Қазақстанның геоэкономикалық стратегиясының маңызды бөлігі деп бағалаймын. Қазақстан транзиттік мемлекеттен біртіндеп логистикалық хабқаайналуға ұмтылып отыр. Бұл жерде айырмашылық бар: транзиттік мемлекет жүк өткізсе, логистикалық хаб жүк ағынының айналасында қосылған құн қалыптастырады.
Сондықтан келесі кезеңде тек жол салу емес, қойма кешендері, контейнерлік терминалдар, кедендік-логистикалық орталықтар, цифрлық бақылау жүйелері және өңдеу өндірістерін дамыту маңызды. Сонда транзит Қазақстан экономикасының нақты өсу драйверіне айналады.
— Трансшекаралық су ресурстарын басқару мәселесі Орталық Азия үшін барған сайын өзекті болып келеді. Мемлекет басшысының Орталық Азияның су пайдалану бойынша негіздемелік конвенциясын қабылдау және БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру туралы бастамалары өңірдегі су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қандай мүмкіндік береді?
— Су мәселесі Орталық Азия үшін болашақтағы ең маңызды стратегиялық мәселелердің біріне айналып отыр. Себебі бұл тек экологиялық немесе ауыл шаруашылығы мәселесі емес, ол энергетикаға, азық-түлік қауіпсіздігіне, әлеуметтік тұрақтылыққа және мемлекетаралық қатынастарға тікелей әсер етеді.
Орталық Азиядағы көптеген өзендер бірнеше мемлекеттің аумағы арқылы өтеді. Сондықтан бір мемлекеттегі су ресурстарын басқару шешімі екінші мемлекетке тікелей әсер етеді. Климаттың өзгеруі мен мұздықтардың азаюы бұл мәселені одан әрі күрделендіреді.
Осы тұрғыдан Президенттің Орталық Азияның су пайдалану бойынша негіздемелік конвенциясын қабылдау туралы ұсынысы өте маңызды. Мұндай құжат мемлекеттерге су ресурстарын пайдаланудың ортақ қағидаттарын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ең маңыздысы — су мәселесін дағдарыс пайда болғаннан кейін шешу емес, алдын ала келісілген ережелер негізінде басқару.
Ал БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру идеясы мәселені өңірлік деңгейден жаһандық деңгейге көтереді. Бұл су дипломатиясын институционалдандыруға, халықаралық сараптаманы тартуға және су ресурстарын басқарудың заманауи технологияларын енгізуге мүмкіндік беруі мүмкін.
Менің ойымша, мұнда негізгі принцип «су үшін бәсекелестік» моделінен «су бойынша ынтымақтастық» моделіне көшу болуы керек. Егер мемлекеттер су ресурстарын ортақ стратегиялық ресурс ретінде қарастыра алса, су мәселесі жанжал факторы емес, өңірлік ынтымақтастықтың жаңа бағытына айналады.
— Қазақстан Президенті Орталық Азия серіктестігі аясында жасанды интеллект бойынша ынтымақтастық орнатуды және жасанды интеллектіні жауапкершілікпен қолдану туралы декларация әзірлеуді ұсынды. Бұл бастамалар Қазақстанның цифрлық және технологиялық даму бағытында өңірлік көшбасшылыққа ұмтылысын қалай көрсетеді?
— Бұл бастама Қазақстанның цифрлық трансформация мәселесін тек ұлттық даму міндеті ретінде емес, өңірлік стратегиялық басымдық ретінде қарастыра бастағанын көрсетеді.
Жасанды интеллект қазір экономиканың жеке бір саласы емес. Ол мемлекеттік басқару, білім беру, денсаулық сақтау, қауіпсіздік, өнеркәсіп, қаржы және логистика сияқты көптеген салаларға әсер ететін технологиялық факторға айналды. Сондықтан Орталық Азия елдерінің бұл бағытта жеке-жеке әрекет етуі жеткіліксіз. Ортақ цифрлық стандарттар, деректер алмасу, мамандар даярлау және ғылыми зерттеулер бойынша ынтымақтастық қажет.
Қазақстанның бұл бастамадағы артықшылығы — елде цифрландыру бойынша белгілі бір институционалдық тәжірибенің қалыптасуы. Сондықтан Қазақстан өзін өңірдегі цифрлық тәжірибе алмасу орталығы ретінде көрсетуге мүмкіндік алады.
Мұнда бір маңызды мәселе бар. Жасанды интеллектіні дамыту тек технологиялық жарыс болмауы керек. Оның этикалық, құқықтық және қауіпсіздік өлшемдері де қатар жүруі қажет. Сондықтан жауапты жасанды интеллект туралы декларация әзірлеу идеясы өте өзекті. Егер Қазақстан осы бағытта Орталық Азия елдерінің ортақ стандарттарын қалыптастыруға бастамашы болса, бұл еліміздің «цифрлық көшбасшы» ретіндегі позициясын күшейтеді. Әсіресе AI саласындағы кадр даярлау, университетаралық зерттеу орталықтарын құру, мемлекеттік басқаруда AI қолдану және ортақ технологиялық жобаларды іске қосу маңызды. Яғни бұл жерде Қазақстанның мақсаты өңірлік технологиялық күн тәртібін қалыптастыруға қатысу болуы тиіс.
— Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Консультативтік кездесулердің нәтижелілігін көтеріп, бұрын қабылданған бастамалардың нақты іске асуына басымдық беру қажеттігін айтты. Мемлекет басшысының осы ұстанымы Орталық Азиядағы ынтымақтастықтың жаңа, нәтижеге бағытталған кезеңіне қандай негіз қалыптастырады?
Меніңше, бұл — Орталық Азиядағы ынтымақтастықтың қазіргі кезеңіндегі ең маңызды мәселелердің бірі. Өйткені соңғы жылдары өңірде көптеген бастамалар көтеріліп, түрлі келісімдер жасалды. Ендігі негізгі міндет — келісімдердің санын көбейту емес, олардың орындалу сапасын арттыру. Бұл жерде Президенттің ұстанымын «декларациялық дипломатиядан нәтижеге бағытталған дипломатияға көшу» деп сипаттауға болады. Яғни әрбір Консультативтік кездесудің қорытындысында нақты мақсат, орындаушы орган, мерзім және өлшенетін көрсеткіш болуы керек. Мысалы, көлік дәлізі туралы келісім қабылданса, келесі кезеңде нақты қанша шақырым жол салынатыны, қанша өткізу бекеті жаңғыртылатыны, жүк тасымалының уақыты қаншаға қысқаратыны анықталуы тиіс. Сауда туралы бастама қабылданса, нақты сауда көлемі, инвестициялық жобалар және жаңа өндірістер бойынша көрсеткіштер белгіленуі қажет.
Бұл тәсіл Орталық Азиядағы ынтымақтастықтың институционалдық сапасын арттырады. Өңірлік интеграция тек мемлекет басшыларының кездесулерімен шектелмей, министрліктер, сараптамалық қауымдастық, бизнес және жергілікті басқару органдары деңгейінде де жүзеге асуы тиіс.
Сонымен бірге бұл ұстаным мемлекеттер арасындағы өзара жауапкершілікті күшейтеді. Бірлескен бастаманың орындалуына бір ғана мемлекет емес, барлық қатысушы тарап жауапты болады.
Менің ойымша, дәл осы кезеңде Орталық Азия үшін ең маңыздысы — «жоба іске асыру» моделіне көшу. Өйткені өңірдің халықаралық беделі енді қабылданған құжаттардың санына емес, сол құжаттардың нақты экономикалық және саяси нәтижелеріне байланысты бағаланады. Сондықтан Президенттің бұл ұсынысы Орталық Азия ынтымақтастығының жаңа кезеңінің логикасын айқындайды: саяси диалог — нақты келісім — ортақ жоба — өлшенетін нәтиже.
Егер осы қағидат тұрақты түрде жүзеге асса, Орталық Азиядағы ынтымақтастық кездейсоқ саяси бастамалар жиынтығынан тұрақты әрі нәтижеге бағытталған өңірлік басқару моделіне айнала алады. Бұл Қазақстан үшін де маңызды, өйткені өңірдегі тұрақтылық пен интеграцияның күшеюі еліміздің экономикалық мүдделеріне, транзиттік әлеуетіне және халықаралық саяси салмағына тікелей әсер етеді.