Орталық референдум комиссиясы қазақстандықтарға үндеу жасады
АСТАНА. KAZINFORM – Орталық референдум комиссиясы республикалық референдумға қатысу тәртібі бойынша үндеу жариялап, азаматтарды 2026 жылғы 15 наурызда өтетін дауыс беруге белсенді қатысуға шақырды.
Комиссия мәліметінше, азаматтың референдумға қатысу құқығын іске асырудың басты кепілі – оны республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтар тізіміне енгізу. Тізімдерді жергілікті атқарушы органдар дауыс беру учаскесінің аумағындағы тұрақты тіркеу деректеріне сәйкес қалыптастырады. Уақытша тіркелген азаматтар тиісті өтініш негізінде енгізіледі.
- Дауыс беру учаскелері мен олардың шекаралары туралы ақпаратты әкімдер 2026 жылғы 21 ақпанға дейін жариялайды. Азаматтар өз учаскесін және тізімге енгізілген-енгізілмегенін тіркелген жері бойынша жергілікті атқарушы органға жүгіну арқылы тексере алады. Егер азамат тізімнен табылмаса, әкімдікке өтініш беруге құқылы, - делінген үндеуде.
Сондай-ақ 2026 жылғы 27 ақпаннан бастап әр азамат өз дауыс беру учаскесінде тізімдегі деректерін нақтылау мүмкіндігіне ие болады. Қажет болған жағдайда өзгерістер енгізу үшін учаскелік референдум комиссиясына жүгінуге болады.
Орталық референдум комиссиясы азаматтарды азаматтық жауапкершілік танытып, 15 наурызда өтетін республикалық референдумға қатысуға шақырды.
Айта кетейік, референдумды әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың жоспары бекітілді.