Орталық Азия елдері Ауғанстанмен аймақтық ықпалдастықты күшейтулері қажет - Мәжіліс Төрағасы

АСТАНА. 4 желтоқсан. ҚазАқпарат - Орталық Азия елдері Ауғанстанмен аймақтық ықпалдастықты күшейтулері қажет.
None
None

Бұл туралы бүгін Астанада Орталық Азия елдері және Ауғанстанның экономикалық ынтымақтастық және өңірлік қауіпсіздік мәселелері бойынша өзара іс-қимылы» атты халықаралық дөңгелек үстелде ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматуллин мәлім етті.

 «Орталық Азия елдерінің Ауғанстанмен аймақтық ықпалдастығы үлкен маңызға ие. Көрші елдер осы мемлекетпен әріптестікті күшейту бойынша бірқатар бастамалар көтерулері шарт. Бұл - бірінші кезекте аймақтағы мемлекеттердің өз мүдделері үшін қажет. Себебі Ауғанстандағы қандай да бір өзгерістерді ең алдымен біз сезінеміз», - деп атап өтті Мәжіліс спикері.

 Н.Нығматуллиннің мәлім еткеніндей, ауған халқы әскери көмекке емес, сарабдал экономикалық-әлеуметтік, саяси реформаларға зәру.

 «Ауғанстанға әскери күштерді енгізу тәжірибесін қауіпсіздік мәселесін шешетін балама бағдарламамен алмастыру керек деп санаймыз. Осы тұрғыда БҰҰ-ның рөлі ерекше маңызға ие. Өйткені Ауғанстанда гуманитарлық көмекті қабылдайтын қауіпсіз әрі ыңғайлы база болғаны жөн. Сондықтан Қазақстан Алматыда БҰҰ-ның Ауғанстан бойынша ХАБ-тың құрылуын бастама етіп көтерген болатын. Біз аталмыш жобаға әлемнің жетекші елдері қолдау көрсететініне сенеміз. Өз кезегінде бұл идея БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мунның оң назарына ие болып, халықаралық деңгейде талқыланып үлгерді», - деді ол.

 Оның айтуынша, жалпы Ауғанстан мәселесін жаһандық қауіпсіздік, лаңкестікпен, діни экстремизммен және есірткі тасымалымен күрес призмасы негізінде қарастыру қажет. Осы тұрғыда Қазақстан Ауғанстан және аймақтық қауіпсіздік мәселесін Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес аясында қарастыруды ұсынуда. Бұл ортақ күштердің ықпалды әрі тиімді жұмысын қамтамасыз етпек.

Соңғы жаңалықтар