Орталық Азия елдері мен Қытайдың сыртқы істер министрлері кездеседі

«Орталық Азия елдері мен Қытайдың сыртқы саяси ведомстволары басшыларының алдағы отырысының негізгі мәселелерінің бірі - 2023 жылғы мамырда Сиань қаласында жоспарланған «Орталық Азия – Қытай» алғашқы саммитіне дайындық. Бұдан басқа, кездесуге қатысатындар алтыжақты ынтымақтастықтың түрлі салаларындағы перспективаларын, яғни көлік-логистикалық инфрақұрылым саласындағы өзара байланысты нығайтуды, Орталық Азия елдерінен Қытайға ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын ұлғайтуды, электрондық коммерцияны дамытуды, сондай-ақ осы форматқа қатысушы елдердің құзыретті органдары арасында өзара іс-қимылдың жаңа тетіктерін құруды талқылайды», - деді Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров елордада өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, басқосу барысында өңірлік және халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелеріне ерекше назар аударылады. Тараптар ұлттық ұстанымдар бойынша пікір алмаспақ.