Орталық Азия елдері түрлі салада байланыстарды нығайтуы керек – Ерлан Қарин

АСТАНА. ҚазАқпарат – Орталық Азия елдері түрлі салада байланыстарды нығайтуы керек. Бұл туралы елордадағы бірінші Орталық Азия медиафорумында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орталық Азия елдері түрлі салада байланыстарды нығайтуы керек – Ерлан Қарин

«Кейінгі жылдары Орталық Азия мемлекеттері арасындағы ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Бұған алғашқы жиыны Қазақстанда өткен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесулері ерекше серпін берді. Қазір Орталық Азия өзіндік маңызы бар аймаққа айналуда. Бұл - өңірлік бірегейлігімізді танытуға, ортақ мәдени кеңістік қалыптастырып, әлемге ұсынуға деген ұмтылысымыздың жемісі. Біз мұны одан әрі тереңдете түсуіміз керек», - деді Е. Қарин.

Бұл тұрғыда ол медиа саласында, мәдени-рухани бағытта, қоғамдық-саяси өмірде байланыстарды нығайту қажет екенін айтты.

«Осы орайда бүгін тұңғыш рет өтіп жатқан Орталық Азия медиафорумы айрықша рөл атқарады деп ойлаймын. Мұндай алқалы жиындар арқылы аймақтық бірегейлігіміз дамиды, тұтастығымыз беки түседі. Қазақстан бұл бағыттағы жұмыстарды қолдауға, бастамаларды жүзеге асыруға әрқашан дайын. Бүгінгі медиафорумның Астанада өтуі соның айқын дәлелі. Сондықтан форумда Орталық Азия елдерінің ортақ мүддесіне сай келетін келелі ой-пікірлер айтылады деп сенемін», - деді ҚР Мемлекеттік кеңесшісі.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Астанада І Орталық Азия медиафорумы жұмысын бастады.