Орталық Азия компаниялары біздің инновациямыздан пайда таба алады – Ұлыбританияның сауда комиссары Кенан Полео

None
Фото: gov.uk
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ұлыбритания Еуропадағы Қазақстанның негізгі сауда және инвестициялық серіктесі саналады. Өткен жылы екі ел арасында тауар айналымы 60 пайызға жуық өсіп, 1,8 млрд доллардан асып жығылды.

Сонымен қатар Біріккен Корольдік еліміздің ТОП-10 инвесторының қатарына кіреді. 2005 жылдан бері бұл ел Қазақстанға шамамен 16,5 млрд доллар тікелей инвестиция салынды. Ұлыбританияның Орталық Азиядағы сауда стратегиясы, Астана мен Лондонның сауда-экономикалық ынтымақтастығын кеңейту келешегі, Біріккен Корольдіктің Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту қадамы жайлы Шығыс Еуропа мен Орталық Азия бойынша сауда жөніндегі британдық комиссар Кенан Полео ҚазАқпарат тілшісіне берген эксклюзивті сұхбатында тарқата айтып берді.

- Ұлыбританияның сауда стратегиясы жайлы айтып берсеңіз... Лондон өз мүддесін қалай қорғайды, өзінің сауда қатынасындағы басты ұстанымы не, Орталық Азияда сауда саясатын жүзеге асыру барысында қандай жаңа құралдар қолданады?

- Орталық Азия британдық бизнес үшін өте қарқынды әрі тиімді өңірлердің бірі. Біздің өңір елдерімен екіжақты қарым-қатныасымыз мығым әрі нығаюын жалғастыра түсуде. Ұлыбритания өз бизнесіне экспортты екі есеге арттыруға және 2030 жылға қарай жыл сайынғы әлемдік экспорттың жалпы көлемін 1 трлн фунт стерлингке (1 1,27 трлн доллар – ред. ескертпесі) дейін арттыруға көмектесуге тырысады. Қарқынды дамып келе жатқан және әртараптандырылған экономикасы бар бұл аймақ британдық экспорттаушыларға зор мүмкіндіктер береді және экспорттық амбицияларымызды жүзеге асыруға көмектесуде маңызды рөл атқарады.

Таяуда Қазақстанға жасаған сапарым барысында Ұлыбритания мен Орталық Азия кәсіпорындары арасындағы әріптестік қарым-қатынастың қаншалықты табысты болатынын көрсететін британдық көптеген инновациялық компаниялармен кездестім.

Өңірдің үлкен әлеуеті бар және біз ережелерге негізделген халықаралық жүйеге одан әрі ықпалдасуды қолдауға дайынбыз. Ұлыбритания «жасыл» технологиялар, тау-кен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, қаржы өнімдері мен қызметтері, білім беру сияқты салаларда әлемдік деңгейдегі тәжірибені ұсынады. Ұлыбританиямен серіктестіктің арқасында Орталық Азия компаниялары біздің инновацияларымыздан пайда көре алады.

- Соңғы 3 жылда Ұлыбританияның Орталық Азия елдерімен сауда-саттығындағы кейбір құбылмалықты байқадық. Мәселен, 2021 жылдың қорытындысында британ-өзбек сауда-саттығының өсімі 2020 жылмен салыстырғанда 2 еседен астамға байқалды. Ал өткен жылы сауда-саттық көлемі 37 пайызға жуық төмендеді. Қазақстанға қатысты айтар болсақ, 2022 жылы сауда-саттық айналымының артуы 40 пайыз болды. Мұндай тұрақсыздықты қалай түсіндірер едіңіз ?

- Сауда құбылмалығына инфляция, коронавирус инфекциясының ұзаққа созылған әсері, кейбір тауар құнының артып, ал енді кейбір тауарлар бағасының төмендеуі сынды бірнеше фактор әсер етті. Мұның бәрі сауда-саттық көрсеткішімізге ықпал етеді. Дегенмен, біз шын мәнінде сауданы арттыруға мүдделік танытамыз. Және де біз көп нәрсе жасап та жатырмыз. Ұлыбритания мен Өзбекстан арасындағы сауда-саттық қатынасы тамаша үлгі бола алады. Екі елдің сауданы дамыту үшін бірлесе істеп жатқан жұмыстарын мақтан тұтамын. Өткен жылы Ташкентте 26-шы Өзбек-Британ сауда және өнеркәсіп кеңесі (UBTIC) өтті және ол екіжақты сауда-саттық пен инвестицияны ілгерілету әрі арттыру мүмкіндіктерін талқылау үшін тамаша алаң болды. Бұл іскерлік байланыстардың нығаюының анық көрінісі де.

- Таяу уақытта Ұлыбритания мен Қазақстан жаңа буын құжатына – Стратегиялық серіктестік және ынтымақтастық келісіміне қол қояды. Осынау келісімнің екі ел арасындағы сауда ынтымақтастығын нығайтудағы әлеуеті жайында айтып берсеңіз.

– Стратегиялық серіктестік және ынтымақтастық туралы келісім ынтымақтастықты кеңейту үшін негіз қалайды және біздің Қазақстанмен саудаға деген көзқарасымызды жаңарту мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Құжат диалог орнату жолымен ынтымақтастықты кеңейту арқылы бір-бірімізбен сауда жасау қабілетімізді көрсетеді. Ол ДСҰ ережелерін растау және трансшекаралық сауданы ырықтандыру есебінен Ұлыбритания мен Қазақстан арасындағы сауданы одан әрі дамытуға ықпал ететін болады.

Ұлыбритания мен Қазақстан арасында бұл келісімнен тыс білім, ауыл шаруашылығы, экологиялық таза энергия және өте маңызды пайдалы қазбалар сынды басым секторлар мықты. Сыртқы істер министрі (Джеймс Клеверли – ред. ескертпесі) таяуда, наурыз айында Астанаға сапары барысында өте маңызды пайдалы қазбалар және «жасыл» сутегі салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі өзара түсіністік туралы қосымша меморандумға қол қойды.

- Жаңа келісім жасасу үшін Орталық Азияның тағы қандай елдерімен келіссөз жүргізіп жатырсыздар? Келіссөздердің аяқталуын қай уақытта күте аламыз ?

- Біз Орталық Азиямен сауда қатынастарымызды одан әрі дамытуға және тереңдетуге мүдделіміз. Бұл бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдайлар жасаудан басталады. Соңғы мысал ретінде Ұлыбританияның Өзбекстанның ДСҰ-ға кіруін табанды түрде қолдайтындығын келтіруге болады. Бұл ережеге негізделген халықаралық сауданы ынталандыруға және өзбек пен британдық компаниялар үшін іскерлік ортаны жақсартуға мүмкіндік береді. Біз бүкіл өңірдегі сауда байланыстарын дамытуға ерекше назар аударуды жалғастырамыз.

- Ұлыбритания аймақтық өркендеуді арттыру үшін Транскаспий халықаралық көлік бағытын және онымен байланысты жобаларды дамыту бойынша қадам жасап жатыр ма ?

- «Орта дәліз» Транскаспий көлік жобасы Түркия арқылы және одан ары бүкіл өңірмен байланысты жақсарту есебінен сауданың тұрақтылығын арттыруға көмектесе алады. Ұлыбритания үшін бұл – инфрақұрылымды инвестициялармен жәрдемдесіп қана қоймай, Орталық Азия үшін болжамды экономикалық логистикалық жолды құру жөніндегі саяси келісімді қолдау мүмкіндігі. Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан да барынша төмен тариф пен Ұлыбританияға тауар экспорттаушы елдер үшін шығу тегі ережесіне өте қарайым талаптарды көздейтін, оларды саудаға әрі экономикаға ынталандыруға көмектесетін жаңа «Дамушы елдер үшін сауда сызбасынан» (DCTS) пайда табады.

- Сұхбатыңызға рақмет!


Соңғы жаңалықтар