Орталық Азиядағы әрбір елдің тұрақтылығы тұтас аймақтың дамуына әсер етеді – Қазақстан Президенті

«Әлемдік тарихтың қазіргідей қиын кезеңінде бізге болашақтың айқын және позитивті образының болуы бұрынғыдан да маңызды. Біздің әрі қарайғы ынтымақтастығымыз туралы өз көзқарасымды төмендегі негізгі бағыттар арқылы ұсынғым келеді. Біріншісі –қауіпсіздік. Тағдырдың өзі біздің елдерімізге бірге болуды жазған. Біз ортақ тарихымызды қорғап, халқымыздың әл-ауқаты үшін бірыңғай болашақ құруымыз керек. Біздің мемлекеттеріміздің әрқайсысындағы тұрақтылық пен қауіпсіздік тұтас аймақтың дамуына тікелей әсер етеді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз сөзінде Президент Орталық Азия елдері мен халықтарының негізгі мүдделеріне сүйене отырып, жаңа қауіптердің алдын алу және оларға уақтылы жауап қату үшін пәрменді құралдарды әзірлеу қажеттігін айтты.
«Қазір біз қауіпсіздік мәселелерін дәстүрлі түрде екіжақты форматта да, ҰҚШҰ, ШЫҰ, АӨСШК және ТМД шеңберінде де көтеріп келеміз. Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесулерінде ұжымдық пікір алмасулар өтеді. Сонымен қатар, әлемдегі жағдай жылдам өзгеріп отыр және өзара іс-әрекеттің қазіргі тетіктері жүйелі жетілдіруді қажет етеді. Оның айқын мысалдары – аймақтағы жағдайды тұрақсыздандыруға тырысу, қақтығыстарды қоздыру үшін гибридті және ақпараттық технологияларды қолдану. Осыған байланысты елдеріміздің Қауіпсіздік кеңестерінің аппараттарына алдын алу шаралары тетігін әзірлеу мен құру жөнінде нақты ұсыныстар енгізуді тапсыруды ұсынамын», - деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, елордада «Орталық Азия-Ресей» саммиті басталды . Жоғары деңгейдегі кездесуге Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Ресей президенттері келді, олар алтыжақты форматтағы ынтымақтастықтың келешегін талқылайды.