Орталық Азияның Электр энергетикалық үйлестіру кеңесінің 10-шы отырысы аяқталды

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мерейтойлық отырысқа "Кегок" АҚ-ның президенті Алмасадам Сатқалиев төрағалық етті. Оның айтуынша, Электр энергетикалық үйлестіру кеңесінің қатысушылары бұл басқосу кезінде Орталық Азияның энергия жүйесінің 2009-2010 жылдардағы күзгі-қысқы маусымдағы жұмысының қорытындысын талқылаған. Сондай-ақ бірлескен шешімдердің орындалуы мен Орталық Азия бірлескен энергия жүйесінің және Қазақстан ЕЭЭ Оңтүстік аймағының апатқа қарсы автоматикаларының жұмыс тәртібін қарастырды. Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстанның электр жүйелерін баламалы жүйеде жаңғырту сенімділікті арттырып, электр жеткізу мен оның қуатын орнықтырмақ.
"Былтыр бірлескен энергия жүйесінен Тәжікстан оқшауланып қалды. Элекр энергетикалық үйлестіру кеңесінде барлық шешім консенсус арқылы қабылданады. Тәжікстан энергия жүйесінің Орталық Азиялық Бірлескен энергия жүйесіне қайта қосылуын Қазақстан мен Қырғызстан қолдағанмен, Өзбекстан тарапынан қолдау таппады", дейді Алмасадам Сатқалиев. Тәжікстанның "Барки Точик" ААХК Төрағасының 1-ші орынбасары Бахром Азисмовтың сөзіне қарағанда, алдағы уақытта олар өзбекстандық әріптестерімен екіжақты келіссөз жүргізбек. Қазіргі таңда Тәжікстан электр энергиясын экспорттауда зор мүмкіндіктерге ие. Олар Орталық Азиядағы өзге елдерге арзан энергия сата алады.