Өртке дейін «Алматы Towers» нысанын тексеруге заң жол бермеген еді - Иманқұлов

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов 2016 жылдың 6 қарашасында өртке оранған "Алматы Towers" ғимаратын өрт қауіпсіздігін тексеретін органдар неге бұрын тексере алмағандығын түсіндіріп берді.
None
None

ҚазАқпарат тілшісімен əңгімелескен Руслан Иманқұлов алты адамның, соның ішінде бес студенттің өмірін қиған бұл өртте заңнаманы зерттеу керек дейді.

"Бұл жерде заңнаманы зерттеу керек. Мысалы, сіз бүгін кішігірім бір нысан аштыңыз делік. "Алматы towers" ғимаратында өрт болған кəсіпкерлік нысаны да кішігірім нысанға жатқан. Айта кетейін, нысанның үлкен немесе кішкене тəуекелдегі  кəсіпкерлік екенін жергілікті əкімдік анықтайды. Тəуекелі үлкен нысандарды жылына бір рет, тəуекелі орташа нысандарды бір жарым жылда бір рет, кішігірім нысанды үш жылда бір рет тексере аламыз. Сонымен, сіздің нысаныңызға өрт қауіпсіздігін тексеретін инспектордың келуіне дейін үш жыл бар. Үш жылдың өтуіне дейін бір ай қалған уақытта сіз жеке кəсіпкерлік нысаныңыздың атауындағы бір əріпті өзгерттіңіз делік. Міне, сіз үш жылға бір ай қалғанда нысаныңыздың атауында бір əріпті болсын өзгертсеңіз, болды, біз сіздің нысаныңызға кіре алмаймыз, тексере алмаймыз. Тағы да үш жыл күтеміз. Осы "Алматы Towers" нысанында да сондай жағдай кездесті. Ол жерде кəсіпорындардың иелері ауысып кеткен болатын",-деп түсіндірді Руслан Иманқұлов.

Оның хабарлауынша, "Алматы Towers" нысанындағы өрт бойынша тергеу əлі жалғасып жатыр.

"Өрт бойынша тергеу əлі жүріп жатыр. Ол - бір. Екіншіден,  осы мəселе бойынша  қате жіберген адамды өрт сөндірушілердің арасынан немесе өрт бақылау органдарының арасынан іздеудің қажеті жоқ. Арнайы заң бар. Ол заңнан біз аттап өте алмаймыз. Өзіміздің ойымызға келген кезде тексеру өткізе алмаймыз. Өрт болғаннан кейін əуел баста негізгі себептің бірі - дəнекерлеу жұмысы деп айтылды. Бұл себеп тергеу барысында дəлелденуі де мүмкін, дəлелденбеуі де мүмкін. Ол жағының нүктесін тергеу қояды. Дегенмен, сараптамалардың көбі өрттің негізі себебі дəнекерлеумен байланысты дегенге саяды. Ал, егер дəнекерлеу жұмыстарымен байланысты болып тұрса, сол жерде жұмыс істеген  адамдар өздерінің  қауіпсіздік техникасын сақтамаған",-деп мəлім етті Р. Иманқұлов.

Соңғы жаңалықтар