Өртті өшіруге 20 литр сумен тау басына шықтым: Орманшы әйелмен сұхбат
– Райхан Оразханқызы орманшы болу ер адамдарға тән мамандық, бұл салаға келуіңізге не түрткі болды?
– Әңгімемді Қазақстанның сұлу табиғатынан бастағым келіп тұр. Қазақстан – табиғаты көркем, жанға жайлы әсем жерлерге өте бай өлке. Жер жәннаты Жетісу, асқар шыңды Алтай, емдік қасиеті мол Алакөл, көрген көзді таң қалдырар Балқаш, суы балдай, шөбі шүйгін Баянауыл, ауасы шәрбат Қарқаралы. Аспанмен таласа өскен сан-алуан ағашы бар орман. Осы кереметті сақтап қалу, адамзаттың парызы деп ойлаймын. Әрине, мен орманшы боламын деп алдыма мақсат қойған жан емеспін. Бәрі кездейсоқ болды. Бұл салаға тоқырау жылдары келдім. Әйтпесе мамандығым басқа.
– Негізгі мамандығыңыз қандай?
– Менің мамандығым бухгалтер-экономист,1989 жылы Семей қаласындағы Пушно-меховой техникумының есеп бөлімін бітірдім. Еңбек жолымды Солтүстік Қазақстан облысындағы мекемелердің бірінде бастадым. Кейін, Мақаншы аудандық кәсіподақ комитетінде бухгалтер болдым. Тоқырау жылдары көп адамдар сияқты мен де жұмыссыз қалдым.
– Орманшы болу ойыңызға қайдан келді?
– Өзім тауға шыққанды, орманға барғанды өте жақсы көремін. Кездейсоқ келсем де, өкінбеймін. Басында әрине, жұмыс болса болды деп ойладым, кейін мамандығым мақтанышыма айналды. 2007 жылдың наурыз айында Іле Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Үлкен–Алматы орманшылығына орманшы көмекшісі болып орналастым.
– Жұмысқа бірден қабылдандыңыз ба?
– Сол кездегі директор Абай Бегімбетов жұмысты алып кетуіме күмәнмен қарады. Ол кісі маған «бұл ер адамдарға арналған жұмыс. Біздің салада әйелдер еңбек ете алмайды, жұмыс ауыр, бірақ істеп көріңіз, өзіңіз шыдай алмай кетіп қалмасаңыз болды»,– деп қабылдаған болатын. Содан бері 13 жылды артқа тастадық. Жұмыс істеп жүріп Аграрлық колледжді сырттай оқып алдым.
– Іле Алатау паркінде жұмыс істейтін орманшылардың ішінде жалғыз әйел екенсіз, рас па?
– Ол рас. Мәселе жұмыстың ауырлығы мен жалақысында емес. Адам мамандығын шексіз жақсы көрсе, бәріне де шыдайды. Тіпті, оның қиындығына да қарамайды. Жақсы меңгере алсаң болды емес пе, әйел, еркек деп бөлудің қажеті жоқ. Қарапайым пенде ретінде айтайын, орманшының еңбегі зор. Жуапкершілігі аптал азаматқа анық жүк болатын шаруа.
– Негізгі атқаратын шаруаңыз қандай?
– Орманшының жұмысы шаш етектен. Қат-қабат шаруа бір-бірімен астасып, бір-біріне ілесіп келіп жатады. Қара барқыт топырақты қақ жарып шыққан титімдей көшет жер бетіне өзімен бірге қыруар жұмысты ала шығады. Оны күтіп, баптау, уақытында суару, желдің өтінен, күннің ыстығынан қорғау да орманшының міндеті.Ағаш көшеттерін отырғызамыз, ағаш дайындаймыз. Одан бөлек, қағаз жұмыстары бар. Орманның санитарлық жағдайы, жер пайдаланушылармен жұмыс жасаймыз. Туристерге түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз.
– Орманды жыл он екі бойы тілсіз жау – өрттен күзету, иен байлыққа көзі қызыққан сұғанақ қолдан қорғау да сіздердің міндетке жата ма?
– Әлбетте. Ол біздің тікелей міндетіміз. Алапат өрттің болмауын Алладан тілеп жүреміз. Алғаш рет 20 литр сумен таудың басындағы өртті сөндірген кезім есіме түсіп отыр. Жұмысқа алғаш орналасқан жылдың қыркүйек айы болатын. Балаларымды мектептен алып келіп, үйде жайбарақат шәй ішіп отырғанмын. Бір кезде, №11 айналымның инспекторы маған өрттің шыққаны туралы айтты. Содан ішіп отырған шайымды тастай салып, үй киіммен орман өртін сөндіруге жүгірдім. Барсақ таудың басында қарағай ағаштарының арасынан қара түтін бұрқырап шығып жатыр екен. Қасымдағы әріптестерімнен қалыспай, арқама 20 литр суды асып алып тауға қарай бет алдым. Сөйтіп, қауіпті аймақтағы өртті өшіруге атсалысқаным бар.
–«Адам мен табиғат – егіз ұғым» дегенді қалай түсінесіз?
– Менің ойымша адам мен табиғат әу бастан бір-біріне етене жақын, үндес болған. Сондықтан болар, жұртшылық арасында өзімізді де табиғаттың төлі ретінде санайтын қағида бар. Тіпті, орман, дала, өзен-су, аң-құс адамзаттың меншігі деп есептеледі. Табиғатты мейлінше ет жүрегімізбен сүйе алмасақ, оны өз қолымызбен құртып та жіберер едік. Бар мейірімімізді табиғат анаға бере алсақ, қатыгездік,зұлымдық атаулыдан әлдеқашан арылар едік.
– Әңгімеңізге рахмет!