«Өртті сөндіруге адамдар неліктен жеке көлігімен барған» – Үкімет басшысына депутат сауал жолдады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Төтенше жағдайлар министрлігінің жеке құрамының санын арттыру қажет. Бұл жайында Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
Фото: gov.kz

«Абай облысында болған және адам өліміне әкеп соққан алапат өрт – бүкіл халқымыз үшін үлкен қайғылы оқиға. Қоғамды дүр сілкіндірді. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осы кезде Абай облысында халықтың ортасында болып, қаза тапқандардың туыстарымен кездесті және оларға жан-жақты көмек көрсетуді тапсырды. Бұл кездесудің өте ауыр жағдайда өткенін барлығымыз көрдік. Президент Үкімет, уәкілетті министрліктер мен өңір әкімдігінің алдына міндеттер қойды, тиісті шешімдерді қабылдап, жағдайды толық бақылауға алды. Бас прокуратура қозғаған қылмыстық іс аясында жауапты лауазымды тұлғалардың іс-әрекетіне құқықтық баға беріліп, кінәлілердің барлығы заң бойынша жауапқа тартылатыны айтылды.

Өз кезегінде Парламент Мәжілісінің депутаттары Абай облысына барып, өрт сөндірушілермен және тұрғындармен кездесті, еріктілердің жұмыстарын ұйымдастыруға атсалысты. Шынын айту керек, жергілікті жерде орын алған жағдай азаматтық қорғау органдары, тиісті мемлекеттік органдар табиғи апаттарға дайын болмағанын тағы да көрсетті», - деді депутат Мәжілістің жалпы отырысында.

Оның атап өтуінше, депутаттар Үкіметтің назарын орман шаруашылығындағы өртке қарсы және құтқару қызметіндегі жүйелі проблемаларға аударып, бірнеше депутаттық сауалдар жолдаған. Бірақ іс жүзінде мәселелер толық шешілмеген. Мұндай салғырттықтың орын толмас ауыр қайғыға алып келетінін өмір көрсетіп отыр.

«Мемлекет басшысы төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабтың отырысында былтыр Қостанай облысында болған өрттен қорытынды шығарылмағанын, берілген тапсырмалар сапасыз орындалғанын қатаң сынға алды. Осыған байланысты болашақта төтенше жағдайлардың алдын алу үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет деп санаймыз», - деді ол.

Нұртай Сабильянов біріншіден, орман және дала өрттерін уақтылы анықтау және олардың алдын алу жөніндегі нақты жұмыс істейтін іс-қимыл алгоритмін әзірлеу қажеттігін айтады. Себебі осы жолы тиісті мемлекеттік органдар арасында үйлестірілген жұмыстың болмауына байланысты қауіп-қатерді уақтылы болжау және алдын алу мүмкін болмады. Өрт ошағы туралы алғашқы деректер 8 маусым сағат 11:23-те ғарыш аппараттарынан алынып, 8 маусым сағат 13.20-да Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметтер базасына берілсе де, қауіп деңгейі лайықты бағаланбады.

Екіншіден, өртті жоғары дәлдікпен анықтайтын заманауи технологияларды қолдану аясын кеңейту; орман алқаптары мониторингінің қолданыстағы ақпараттық жүйелерін дұрыс әрі барлық жерде пайдалануды қамтамасыз ету; өрт ошақтарын анықтаудың қосымша жерүсті жүйелерін орнату; жерді зондтайтын Қазақстан спутниктерін жоғары дәлдігі бар жылу датчиктерімен жарақтандыру; табиғи апаттар жағдайында тиісті қызметтерді фото және бейне-түсіру мүмкіндіктері бар дрондармен жабдықтау қажет.

Үшіншіден, орман шаруашылықтары, резерваттарды басқару орталықтары орналасқан ауылдық елді мекендерде сапалы инфрақұрылым болуға тиіс. Оларды байланыс жүйесімен және жылдам интернетпен, сапалы жолдармен қамтамасыз ету керек», - деді Мәжіліс депутаты.

Оның айтуынша, төртіншіден, орман саласының мамандарын даярлау және қолдау, орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасын нығайту өте маңызды.

«Семей орманы» орман табиғи резерватының балансында 363 техника бар. Онда неліктен адамдар өртті сөндіруге жеке көліктерімен барған? Техниканың жай-күйі қандай? Тіпті қажетті техника бар ма? Сондықтан орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасын жаңартып, арнайы өртке қарсы техникамен толық жабдықтау қажет. Сондай-ақ резерват жанында табиғи апаттармен күресуге арналған арнайы бөлімше болуға тиіс және оны барлық қажетті жабдықтармен, соның ішінде орман қорының жай-күйін бақылауға арналған дрондармен жарақтандыру керек. орман шаруашылығы қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шараларын күшейтіп, олардың жалақысын үнемі арттырып отырған жөн. Сондай-ақ қызметкерлерді арнайы киіммен және жабдықтармен қамтамасыз ету қажет», - деді ол.

Мәжіліс депутаты бесіншіден, Төтенше жағдайлар министрлігінің жеке құрамының санын арттыру, арнайы өртке қарсы техникамен және жүріп өту мүмкіндігі жоғары техникамен жарақтандыру, азаматтық қорғау қызметкерлерін әлеуметтік қамсыздандыру мәселелерін шешу, сондай-ақ «Қазавиақұтқару» АҚ авиапаркін жаңарту және ұлғайту керектігін алға тартады.

«Алтыншыдан, бұл мәселелер кезек күттірмейді, шұғыл шешімдерді қажет етеді. Сондықтан Үкіметке ведомствоаралық жұмыс тобын құрып, орман шаруашылығы саласындағы және өртке қарсы қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі мәселелерді толық қаржыландыру және заңнаманы, оның ішінде мемлекеттік сатып алу заңына өзгерістер енгізу мәселесін қайта қарау керек. Бұл жұмысқа депутаттар да қатысуы қажет», - деді Нұртай Сабильянов.


Соңғы жаңалықтар