Орын жоқ: Студенттер жатақханасы мәселесі қашан шешіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат – Жыл өткен сайын жаңа оқу жылы қарсаңында студенттердің жатақханадан орын табуы басты мәселенің біріне айналып отыр. Мемлекет басшысы өткен жылғы Жолдауында студенттерді жатақханамен қамту мәселесіне баса назар аударып, тапсырма берген еді. Алайда студенттер әлі толықтай жатақпен қамтылған жоқ. Мәселен, Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, қазіргі таңда 70 мыңға жуық орын жетіспейді. Жатақхана құрылысының биылғы жоспары орындалса, бұл сан тек 10 мыңға азаймақ. Дегенмен студенттерді жатақпен қамту үшін бірқатар іс-шара қолға алынғанын да айту керек, мәселен, үш ірі қалада ахуалдық орталық ашылса, Алматы қаласында шағын қонақүйлермен келісімшарт жасалды.
None

Осыған байланысты, қазіргі күйіп тұрған мәселенің бірі жатақханамен қамту проблемасы қалай шешіліп жатқаны туралы материал дайындауды жөн көрдік. Толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының материалында.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің дерегінше, биылғы оқу жылында 70 мыңға жуық, нақтырақ айтсақ6 69 236 адам жатақханаға мұқтаж. Олардың 61 435 студенті 48 жоғары оқу орнының, 7 801-і 61 колледждің студенті. 2023 жылы жоспардағы жатақханалардың пайдалануға берілуі есебінен жатаққа мұқтаж студенттер саны 59 503-ге дейін азаяды, яғни небәрі 9 700-ден астам студент жатақханамен қамтылмақ. Дегенмен биылға жоспарланған жатақханалардағы орын түгелімен берілмейтінге ұқсайды. Бұл туралы өткен айтадағы Үкімет отырысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлім етті.


Төмендегі инфографикада өңірлердегі жатақханаға қажеттілік бойынша болжам берілген. Бұдан жатақханаға ең көп сұраныс Астана мен Алматы қалаларында екенін байқауға болады. Бұған дейін ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі де жатақханаға қажеттіліктің 70%-ы осы қалаларға тиесілі екенін атап өткен еді.


Сонымен қоса шілдеде өткен Үкімет отырысында министр биыл 11 мың орындық 37 нысан, оның ішінде ЖОО студенттеріне – 26, колледж студенттеріне арналған 11 жатақхана пайдалануға берілуі керегін айтқан болатын. Алайда министрдің сөзінше, 1,4 мың орындық 4 нысан жоспарлы мерзімінде пайдалануға берілмеуі мүмкін. «Астана медицина университеті» КЕАҚ жатақханасына күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр, Алматы қаласында 400 орындық жатақхана салынуда, сондай-ақ 450 орындық екі жатақханаға күрделі жөндеу жүріп жатыр, сондықтан да олардың берілу уақыты кешігуі мүмкін.

«Қаржы орталығы» АҚ-ның тамыздағы соңғы мәліметтері бойынша, қазіргі таңда берілетін жатақханалардың санына өзгеріс енгізілген. 2023 жылы «2025 жылға қарай колледждер мен университеттер жатақханаларында кемінде 50 000 жаңа орын енгізу» Жол картасы бойынша, жоғарыда айтып өткен 37 жатақ емес, 11083 орындық 44 жатақхана берілетін болады.

Төмендегі кестеде өңірлер бойынша ЖОО студенттері мен колледждердің студенттеріне берілетін жатақхананың көрсеткіші берілген.


Кестеден байқап отырғанымыздай, берілетін жатақханалардың ең көп бөлігі Астана (11) мен Алматы (11) қалаларына тиесілі. Ал Шымкент үшінші орында, яғни онда 4 жатақхана беріледі.

Айта кетейік, биылғы шілдеде өткен Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов 1 қыркүйекке дейін жатақхана мәселесін шешуді тапсырған болатын. Ол өз сөзінде егер бұл мәселе уақтылы шешілмесе, жағдай одан сайын ушыға беретінін атап өткен еді. Сондай-ақ осыған жауапты министрліктер мен ұйымдарды сынға алған болатын.

«Көптеген университеттің басшысы студенттерге тиісті жағдай жасау өздерінің тікелей міндеті екенін іс жүзінде ұмытып кетті деуге болады. Өз кезегінде, Ғылым және жоғары білім, Оқу-ағарту министрліктері университеттер мен колледждер де сырттан келген студенттерді жатақханамен толық қамтамасыз ету талаптарының орындалуына қатысты жағдайды бақылап отырған жоқ. Сондай-ақ әкімдіктердің тарапынан да үйлестіру жұмыстары нашар»,-деді Премьер-Министр.

Сонымен бірге оқуға қабылданған студенттер жатақханада орын жоқ екенін орналасуға келген кезде бір-ақ білетінін де тілге тиек етті. Оның сөзінше, оқуға дайындалудың орнына, олар тұратын баспана іздеуге мәжбүр. Мұндай мәселелердің алдын алу үшін Премьер-Министр биылға жоспарланған 37 нысанның барлығының мерзімінде тапсырылуын қамтамасыз етуді міндеттеген еді.

Еске салайық, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы халыққа Жолдауында студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударған болатын. Мемлекет басшысы бұл мәселені шешу үшін жоғары оқу орындарымен және құрылыс компанияларымен мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігін белсенді түрде енгізу керегін айтқан еді. Ал 2020 жылы Мемлекет басшысы бес жылда 90 мың орындық жатақхана салуды тапсырды.

2019 жылы 30 қыркүйекте Үкіметтің сайтында жарияланған мақалада сол кездегі Білім және ғылым министрлігі «Жатақханаларда орындар беру кезең-кезеңімен жүзеге асырылады: 2019 жылы – кем дегенде 5 мың орын, 2020 жылы – 15 мың орын, 2021 жылы – 25 мың орын, 2022 жылы – 30 мың орын» берілетінін жазған. Алайда «Қаржы орталығы» АҚ берген статистикаға көз жүгіртсек, жоспар ойдағыдай орындалмағанын көруге болады. Мәселен, 2020 жылы 15 мың орындық жатақхана салу жоспарланса, тек 8 223 орындық 36 жатахана берілген. Ал 2021 жылы 25 мың орынмен қамту жоспарда болса, 10 364 орын, 2022 жылы 30 мың орын жоспарланса, 10 032 орын пайдалануға берілген. «Қаржы орталығы» АҚ-ына хабарласып, неліктен жоспар орындалмағанын сұрағанымызда, олар коронавирусқа байланысты екенін айтты. Сондай-ақ сол кездердегі логистика саласындағы мәселелерге байланысты құрылыс жабдықтары да қымбаттап кеткен. Міне, осылайша, орталық өкілдерінің айтуынша, 2020 жылы жаһанды жайлаған коронавирус пандемиясы жатақхана құрылысы мен жөндеу жұмыстарына да кесірін тигізген.


Бұдан былай жаңа жоспар бойынша, енді жыл сайын 10 мың жаңа орындық жатақханалар салынады.

Жатақхана мәселесін шешу үшін қолға алынған іс-шаралар

Бүгінде жатақханалардағы орын тапшылығы Алматы, Астана мен Шымкент қалалары үшін басты мәселелердің бірі екенін жоғарыда атап өттік. Алматы қаласындағы орын тапшылығы 32 мыңнан асады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қазір университеттер жеке инвесторлармен бірлесе отырып, бұл мәселені шешіп жатыр.

Алматыда ахуалдық орталық ашылды

«Қазір Алматыда жатақханаға деген қажеттілік өте жоғары болып отыр. Қалада 98 студенттік жатақхана жұмыс істеп тұр, алайда 32 мың орын жетіспейді. Биыл да өткен жылмен салыстырғанда студенттер саны көп болады деп ойлап отырмыз. Әрине, қаладағы ЖОО-ға келген студенттерге орын жетпейді, сондықтан қазір университеттер белсенді түрде жұмыс істеп жатыр. Олар жатақханасы бар, жатақхана мен қонақүйді жалға беретін жеке кәсіпкерлермен тиісті меморандум мен келісімдер жасайды», - деп атап өтті Алматыдағы Қаржы орталығының директоры Ұлан Өтебаев сұхбаттарының бірінде.

Қазір студенттердің тұрғын үймен туындаған проблемаларына жедел ден қою үшін ахуалдық орталық жұмыс істеп тұр. Студенттер +77002551443 нөмірлері бойынша call-орталыққа хабарласа алады, ол 24/7 жұмыс істейді.

«Ахуалдық орталық қалай жұмыс істейді? Мысалы, студент басқа қаладан Алматыға келді, баратын жері жоқ, оқу орны жатақхана мәселесін шешкен жоқ. Міне, осындай кезде ол ахуалдық орталыққа хабарласа алады. Олар оған уақытша баспана тауып береді әрі тұрақты тұру үшін орын іздеуге көмектеседі. Қай оқу орнында оқитыны маңызды емес, кез келген студент хабарласа алады», - деп түсіндірді Қаржы орталығының директоры.

Бұдан бөлек айта кету керек, биылғы қыркүйек айынан бастап елімізде «Білім туралы» Заңның жаңа редакциясы күшіне енеді, ол бойынша барлық студентті жатақханамен қамтамасыз ету көзделіп отыр. Яғни, бұдан былай университеттер қажеттілікті толық өтеп, барлық студентті жатақханамен қамтуы тиіс. Сондықтан да университеттер бұл мәселемен белсенді түрде айналысып жатыр, оған әр университеттің ректоры жауапты болмақ. Орталық басшысының айтуынша, министрлік университеттер өз міндеттерін орындамаған жағдайда оларға қатысты тиісті шара қабылдайтын болады.

Жалпы Алматыны 2025 жылға дейін дамыту бағдарламасы аясында қалада 12 мың орындық, ал 2030 жылға қарай тағы 20 мың орындық жатақхана салу жоспарланып отыр.

Жатақсыз қалған студенттер шағын қонақүйлерде тұрады

Сонымен қосаҒылым және жоғары білім министрлігі жатақхана мәселесін жеке жатақханалар есебінен шешуді қолға алды. Осылайша,Алматы қаласының жоғары оқу орындары 60-қа жуық шағын қонақ үй иесімен келісімшартқа отырды.

Әр студентті орналастыру үшін жатақхана иелеріне айына 30-дан 50 мың теңгеге дейін төленеді. Жалпы министрлік студенттерді қонақүйлерге орналастыру арқылы республика бойынша жатақханадағы 20 мың орын тапшылығының орнын толтыруды көздеп отыр.

Сондай-ақ Астана, Алматы, Шымкент қалаларында арнайы резерв жасақталды. Яғни, далада қалып қойған балалар үшін 50-60 шақты төсек-орын дайындалған. Жалпы бұдан біз жатақханаға деген ең көп тапшылық Алматы қаласында екенін байқаймыз.

Ата-анасы жоқ студенттердің жатақхана өтемақысы төленеді

Сондай-ақ басқа қалаларда тұратын ата-анасынан айрылған студенттердің жатақханада тұру шығыны өтелетін болады.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында Үкіметке «…студенттердің жекелеген әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған санаттары үшін жатақханада тұру шығыстарын субсидиялау мүмкіндігін пысықтауды» тапсырған болатын. Жаңа оқу жылы қарсаңында Президент тапсырмаларын орындау аясында Үкімет тиісті қаулы қабылдады.

«Әлеуметтік көмек көрсетілетін азаматтарға әлеуметтік көмек беру қағидаларына» өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Оған сәйкес, азаматтардың жекелеген санаттары үшін еліміздің колледждері мен жоғары оқу орындарында білім алу кезінде жатақханада тұру шығыстары үшін өтемақы төлеу көзделген. Жатақханаларда тұру шығыстары үшін өтемақы сомасы жылына 29 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Биыл барлығы 7 145 адам өтемақы алатын болады, оның ішінде 4 651 жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған студенттер мен 2 494 мүгедектігі бар, бала кезінен мүгедектігі бар балалар бар.

Өтемақы осы жылдың қыркүйегінен бастап беріледі.

Студенттерге баспананы жалға алу қанша тұрады?

Елімізде студенттерге жатақхана, пәтер және шағын қонақүйлерді жалға алу қанша тұратынын білу үшін жатақханаға сұраныс жоғары қалаларды – Астана, Алматы және Шымкентті қарап шықтық.

Астанадағы жатақхана бөлмесінің нарықтық құны ауданына, жөндеуіне және жағдайына байланысты 36 000 теңгеден 80 000 теңгеге дейін барады. Шағын қонақүйдегі бір төсек-орын 20-70 мың теңгенің аралығында тұрады. Бір бөлмелі пәтерді 80 мың теңгеден 250 мың теңгеге дейін жалға алуға болады.

Жатақханаға сұраныс 2 есе жоғары Алматыда жатақханадағы бөлмені жалға алу құны 35 мың теңгеден басталады, орташа баға бір бөлмеге айына 75 мың теңгені құрайды. Шағын қонақүйдегі бөлмені жалдау айына 25 мың теңгеден басталады. Бір бөлмелі пәтерді жалдау бірнеше есе қымбат – 160 мың теңгеден 600 мың теңгеге дейін барады.

Шымкентте жатақханадағы бөлмені жалға алу құны 20-50 мың теңге аралығында. Ал шағын қонақүйдегі бөлмені бір айға жалға алу 20-48 мың теңгені құрайды. Шымкентте бір бөлмелі пәтерді жалдау құны - 80-200 мың теңге.

Жатақхана тапшылығы 2025 жылы толықтай шешілмек

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, жатақхана тапшылығы 2025 жылы толық шешілмек.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлағандай, жатақхана тапшылығы мәселесін шешу үшін қазір үш бағытта жұмыс жүріп жатыр. Оларға жоғарыда толығырақ тоқталып өттік. Енді қысқаша атап өтейік. Бірінші бағыт - құрылыс, былтырдан бері жатақханалардың құрылысы қарқын ала бастады. Ол үшін арнайы субсидиялық нормативтер де өзгертілген. «Алматы қаласы үшін екі есе өзгертілді. Сол нормативтер өзгергелі 150 компания келісімшартқа отырды»,-деді министр Саясат Нұрбек БАҚ-қа берген сұхбаттарының бірінде.

Ал екінші бағыт - реконструкция немесе жекеменшік хостелдермен арнайы келісімшартқа отыру. Осыған байланысты Алматы қаласындағы 59 хостелмен келісімшартқа қол қойылып, 10 мың төсек-орынға кепілдік берілген.

Үшінші бағыт – ахуалдық орталықтар құру. «Яғни студент түнде келсе де, таңғы 7-де келсе де немесе далада қалып қалған студенттер болған жағдайда, сол біртұтас ахуалдық орталық нөміріне хабарласып, ең жақын университетке жібереміз. Астана, Алматы, Шымкент қаласында осындай төтенше төсек-орын қоры қалыптасты», -деп қосты министр.

Қорыта келе, елдегі жатақхана тапшылығы мәселесін шешу үшін бірқатар іс-шараның қолға алынғанын байқаймыз. Десе де, бұл мәселе жоқ дегенді білдірмейді. Қазіргідей мәселеге айналуының бір себебі – алдыңғы жылдардағы жоспардың тиісті деңгейде орындалмауы екенін жоғарыда атап өттік. Мәселен, 2019-2022 жылдар аралығында 75 мың жаңа орын берілуі керек болған. Алайда тек 34 641 жаңа орын берілген. Демек, жоспардың жартысына да жетпеген. Алайда мұның да өз себебі бар екенін ұмытпау керек. Бұл жылдар әлемді жайпаған коронавирус пандемиясымен тұспа-тұс келген-ді, сондықтан да жоспар тиісті деңгейде орындалған жоқ дейді жауапты тұлғалар. Ал әзірге үкімет 2025 жылға қарай жатақ мәселесі толықтай шешілетінін айтып отыр. Қалғаны уақыт еншісінде...


Соңғы жаңалықтар