Орынбек Син: Қазақ тілі ана сүтімен дарыған

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Сырдария ауданы Қалжан ахун ауылында тұратын өнерпаз корей жігіті Орынбек Син домбырамен қазақ әндерін құйқылжыта орындайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орынбек Син: Қазақ тілі ана сүтімен дарыған

Орынбектің әкесі Сергейдің ұлты - кәріс, анасы - Жалғаскүл - қазақ. Екеуі отау көтеріп, бүгінде алты баланы дүниеге әкелді. Солардың бірі - Орынбек жастайынын өнерлі болып өсті. Шуақты шаңырақтың төртінші перзентінің есімін нағашы атасы қойған көрінеді. «Ол өмірде өзінің орны бар адам болсын деген ниетпен қойылған» дейді жас өнерпаз.

Бала кезінен әуелете ән шырқағанды жаны қалайтын Орынбек көптеген музыкалық аспаптарды шебер меңгерген. Олардың әрбірімен құйқылжыта ән орындап, көпшіліктің ықыласына бөленіп келеді. Қазақтың ұлттық музыкалық аспабы - домбыраны да шебер меңгерген. Ауылдағы мектепті оқып жүргенде алғаш рет сахнаға Жаяу Мұсаның «Ақ сиса» әнімен шықты. Сол сәтте көпшіліктің ерекше ықыласына бөленгені әлі есте.


Бүгінгі таңда Қызылорда қаласындағы М.Мәметова атындағы колледжінде білім алып жатқан ол домбырамен қазақтың халық әндерін шебер орындайды. Ол «Сыр-Орда» өнер триосы құрамында талай мәдени шараларға қатысып жүр. Оған Орынбек жетекшілік етеді. Қасында Әділжан Кәрібаев пен Сайлау Мадияр секілді өнерпаз жастар бар. Өнер триосы екі жыл бұрын құрылған. Өнерпаздар баян, домбыра, гитарамен талай шығарманы жоғары деңгейде орындай алады.

«Ұлтым – кәріс болса да, қазақтың халық әндерін айтқанды жақсы көремін. Шындығында, корей тілін мүлде корей тілін білмеймін. Қазақ тілі ана сүтімен дарыған. Қазақ тілін ерекше құрметтеймін. Қазірге дейін түрлі байқауларда жеңімпаз атандым. Қайырымдылық концерттерге де қатысып келемін», - дейді ол.


Оның айтуынша, домбыра тартуды өнердегі ағасы Ербол Сағынбайұлынан үйренген. Енді қазақтың күйлерін меңгерсем дейді. Сол арқылы үлкен сахнадан көрінсем деген мақсаты бар. Сондықтан бос уақытының барлығын өзінің білімін жетілдіруге арнайды. Орынбек би өнеріне де қызығады. Ұлттық билерді өз нақышында орындап, талай мәрте жұлдызы жарқырай түсті.