Орынбек Жолдыбайдың «Академик Рахманқұл Бердібай зерттеулеріндегі түрікшілдік сарындары» кітабы жарыққа шықты

АСТАНА. 4 ақпан. ҚазАқпарат - Алматы қаласындағы «Баспалар Үйі» филология ғылымдарының кандидаты Орынбек Жолдыбайдың «Академик Рахманқұл Бердібай зерттеулеріндегі түрікшілдік сарындары» кітабын жарыққа шығарды.
None
None

Белгілі журналист, аудармашы, бірнеше кітаптардың авторы, филология ғылымдарының кандидаты, мәдениет қайраткері Орынбек Жолдыбай бұл еңбегінде ұлт жанашыры, көрнекті ғалым, академик Рахманқұл Бердібайдың сан салалы шығармашылығының бір ғана бағытын - ғалымның түркі халықтары әдебиетінің ежелгі дәуірден бастау алатын сабақтастығы, қанаттастығы, сарындастығы жан-жақты зерттелетін шығармаларын талдауға баса назар аударған.

Автор кіріспе сөзінде бұрын терең зерттелмеген ғалым Рахманқұл Бердібай зерттеулеріндегі қазақ-түркі әдеби байланыстары мен оның шығармашылық ерекшелігі сараланғанын, нәтижесінде нақты ғылыми тұжырымдар жасауға талпыныс жасалғанын жазады. Ғалымның әдеби-эстетикалық ізденістерінің бағыт-бағдары, көркемдік деңгейі айқындалған.

«Қазақ-түркі әдеби байланыстарының қомақты жүгін арқалаған, талантты, дарынды шоғырдың бел ортасында академик Рахманқұл Бердібайдың аталуы заңды құбылыс. Оның басты себебі - ғалымның қазақ-түркі әдеби байланыстарына арналған ғылыми еңбектерінің оқ бойы озық көрінетіндігінде»,- дейді О.Жолдыбай.

Кітап авторы ғалымның еселі еңбек жолына жан-жақты тоқталған. Әдебиет майданына өткен ғасырдың елуінші жылдары араласып, сын саласын өркендетуге сүбелі үлес қосқан, әсіресе, қазақ романының қалыптасу, даму жолдарын зерттеуде соны серпін танытқан, қазақ фольклорына жаңаша көзқараспен қараудың тың үлгісін көрсеткен іргелі ғалым Рахманқұл Бердібай әдебиетшілік өнерді қоғам ісіне белсене араласумен, көп адам тілінің ұшында тұрса да айта алмайтын ұлтқа, оның өсіп-өркендеуіне қатысты зәру мәселелерді қалам ұшына алумен тығыз ұштастыра білді.

Р.Бердібайдың қайраткерлігі туралы ақын Мұзафар Әлімбаев: «Қазақ ұлтының, қала берді барша түрік жұртының сөзін сөйлейтін һәм оны басқаларға да тыңдата білетін «сәруарлыққа» жетуге дейін ғалым өмірдің ұзақ та күрделі соқпақтарынан өтті» деген.

Жалпы, Р.Бердібай қаламынан қазақ-түркі әдеби байланыстарына қатысты оннан астам ғылыми-танымдық кітаптар, екі жүзге тарта ғылыми мақалалар дүниеге келіпті. Ғалымның салыстырмалы әдебиеттану ғылымында танымал болғандығы да осы дүниелердің арқасы. Санымен де, сапасымен де оқырманын елең еткізген бұл әдеби-эстетикалық туындылар әдебиеттану ғылымында өз орнын тапты.

Бұл кітап Қазақстан Республикасы Байланыс және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша шығарылған. 10 баспа табақтан тұратын кітаптың таралымы 2 мың дана.

Соңғы жаңалықтар