Орынборлықтар аграрлық саланы дамытуда батысқазақстандықтардың оң тәжірибесіне иек артпақ - Ю.Берг, Орынбор губернаторы

Бүгін облыс әкімі Нұрлан Ноғаевпен кездескен орынборлық делегация Зеленов ауданының Янайкин ауылындағы мал бордақылау кешенін аралап, нысанның жұмысымен танысты. 8640 ірі қара малына арналған кешен - Елбасы тапсырмасы бойынша үдемелі индустриялық-инновациялық жобамен салынған өңірдегі алғашқы өндіріс орындарының бірі. Ежелден ынтымағы жарасқан көршілердің саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени қарым-қатынасы әлі де үзілген жоқ. Екі жақты іскерлік кездесуде Юрий Берг бастаған топ жаңа жобаның мүмкіндіктері мен тиімділігін көріп, тәжірибе алмасатындығын жеткізді.
-Орынборлық әріптестеріміздің келген мақсаты аймақтағы жүзеге асырыла бастаған жобалардың жұмысымен танысу болатын. Үдемелі индустриялды-инновациялық жоба негізінде салынған мал бордақылау кешенін толықтай іске қосу үшін жұмыстар атқарылуда. Өткен жылы Қазақстан мен Ресейдің вице-премьерлері Өмірзақ Шөкеев пен Игорь Шувалов та осы кешеннің жұмысымен танысқан болатын. Бүгінгі таңда Президент Нұрсұлтан Назарбаев елімізден жылына 60 тоннаға дейін ет экспорттау міндетін қойып отыр. Аталған кешеннің жұмысы арқылы біз де ет өндірісін дамытуға үлес қосамыз. Бұл жобаны жүзеге асыруға германдық, австриялық мамандар атсалысты. Нысанды салу кезінде тиісті талаптар ескеріліп, ет өнімін еуропалық нарыққа шығару мүмкіндігі де қарастырылды. Сондай-ақ орынборлық көршілермен әлеуметтік-экономикалық, гуманитарлық қарым-қатынасты одан әрі дамыту жөнінде келіссөздер жүргіземіз, -деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.
Орынбор облысынан 12 адам келді. Делегацияның құрамында қаржыгерлер, аграрлық саланың жетекшілері бар.
-Өткен жылы екі елдің ауыл шаруашылығы министрлерінің Батыс Қазақстан облысындағы кездесуінде осы мал бордақылау кешенінде болып, жаңа жобаға қызығушылық танытқан болатынбыз. Бүгінгі сапарымызда Орынбордағы тиісті құрылым басшыларына кешеннің жұмысын көрсетіп, тәжірибе алмасуды көздеп отырмыз. Мұндай кешен біздің облыста әлі салынған жоқ. Қазір екі елде де етке деген сұраныс жоғары. Ауыл шаруашылығы саласын дамытудағы батысқазақстандықтардың тың бастамасы бізді қуантады, - дейді Орынбор облысының губернаторы Юрий Берг.
Таяу күндері батысқазақстандық делегация Орынбор облысына іс сапармен барады. Сапар барысында барлық саладағы екі жақты қарым-қатынасты нығайту мәселелері сөз болмақ.