Осы аптада Ақтөбеде егін ору науқаны аяқталады

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Бүгінде 450 мың тонна астық бастырылды. Биыл гектарынан 11 центнер өнім жиналып жатыр. 

Осы аптада Ақтөбеде егін ору науқаны аяқталады
Фото: Дарья Аверченко

Ақтөбе облысының шаруалары мен диқандары биыл 755 мың гектар жерді игеріп, дәнді және майлы дақыл екті. Бүгінде дәнді дақылдың 99%-ы жиналды. Диқандар 450 мың тонна өнім алған.

Осы аптада жұмыс толық аяқталады. Ал майлы дақылдарды жинау жұмысы енді басталды. Әзірге тек 20 мың гектардан астам алқапта ору жұмысы жүргізілді. Мұнда әр гектарынан орта есеппен 9,8 центнер өнім жиналып жатыр. 

– Биыл облыста дәнді дақылдардың алқабы 426,4 мың, майлы дақылдарда 60,3 мың, картоп және көкөніс, бақша дақылдары 6,1 мың га болды. Сонымен бірге мал азығы бар. Егін жинау жұмыстарын жүргізуге қажетті техника жеткілікті және дизель отыны толық бөлінді. Астық сақтау орындарының жалпы сыйымдылығы – 685,1 мың тонна. Қазіргі уақытта элеваторларда 136 мың тонна астық сақталған. Бұл жүктеменің 34%-ы ғана. Сондай-ақ биыл ғана 120,5 мың тонна астық қабылданды. Барлық астық қабылдау кәсіпорынында газ және дизель отынын пайдаланатын астық кептіргіш машиналары жұмыс істеп тұр, - деді Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бөлімінің басшысы Нұрбек Райымбаев. 

Оның айтуынша, ауа райы қолайлы болып, биыл астық артық шығынсыз жиналды. 

Айта кетейік, шілдеде Ақтөбеде астық сақтайтын қоймалардың әзірлігі тексерілді. 

Соңғы жаңалықтар