Осы аптада әр мектепте ұстаздар мен ата-аналар бала қауіпсіздігін талқылайды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық ата-аналармен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланады.
23-27 қыркүйек аралығында еліміздің барлық мектептерінде балалардың қауіпсіздігіне арналған ата-аналар жиналысы өтеді.
Жиналыста ата-аналардың бала өміріндегі, сондай-ақ онлайн кеңістіктегі қауіпсіздігіне қатысты жауапкершілігі туралы сөз қозғалады.
Ата-аналарға қауіп-қатерді дер кезінде қалай анықтау және оларды болдырмау үшін қандай шаралар қолдану керектігі туралы қадамдық ұсыным беріледі.
Олардың ішінде — баланың мінез-құлқын бақылау, әлеуметтік желілердегі белсенділік мониторингі, мектеп ортасындағы құрдастарымен қарым-қатынасы кіреді.
Бұдан бөлек, мамандар баламен тұрақты қарым-қатынас жасаудың, ашық диалог үшін сенімді орта құрудың және ата-аналардың баласының өміріне ұдайы қатысуының маңызына назар аударды.
«Бала қауіпсіздігі — ата-ана, педагог, әрбір ересек адам үшін басымдыққа ие болуы тиіс. Баламен ашық диалог құру, оның өміріне ұдайы қатысып отыру, цифрлық құрылғыларды бақылау және баламен қауіпсіздік тақырыбында әңгімелесу — бұл проблемалардың алдын алуға көмектесетін негізгі қадамдар. Ата-ананың міндеті — баланың жүріс-тұрысын бақылап қана қоймай, сонымен қатар өз баласымен оны әрқашан тыңдауға және көмектесуге дайын екенін білдіретін сенімді қарым-қатынас қалыптастыру. Бала — болашағымыз, олардың саламаттылығын сақтау тікелей бізге байланысты», — деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігі бала құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.
Естеріңізге сала кетейік, биылғы оқу жылынан бастап білім беру ұйымдарында апта сайын сынып сағаты аясында «Қауіпсіздік сабақтары» өтіп жүр.
Сабақ кезінде интернеттегі тәуекелден қорғану, өзін-өзі сақтау дағдыларын дамыту және түрлі қауіп-қатер жағдайында дұрыс әрекет ету тақырыптары қамтылып жатыр.
Сондай-ақ балалар мен ата-аналар және педагогтер үшін психологиялық, құқықтық және әдістемелік кеңес алуға болатын психологиялық қолдау орталықтары ашылды.
Ал балаларға жасалған қатыгездікке куә болсаңыз, тәулік бойы қызмет ететін «111» нөміріне хабарласуға болады.