Қатар астанасы Дохада стенд атудан Азия чемпионаты өтіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Аталған жарыста Қазақстан құрамасы әзірге бес медаль жеңіп алды. Оның екеуі — алтын, біреуі — күміс және екеуі — қола жүлде. Бұл туралы Ұлттық олимпиада комитеті мәлім етті.

стенд ату
Фото: ҚР Спорт және дене шынықтыру істері комитеті

Әйелдер арасында «скит» дисциплинасы бойынша Адель Садақбаева алтын медаль иеленді. Осы бағдарламада Ольга Хайлова қола жүлдеге қол жеткізді.

Командалық жарыста Адель Садақбаева, Ольга Хайлова және Әсем Орынбай бірінші орынға көтеріліп, алтын медаль жеңіп алды.

Ерлер арасында «скит» бойынша Эдуард Ещенко күміс жүлдеге ие болды. Ал Қазақстанның ерлер құрамасы командалық жарыста қола медаль еншіледі. Ел намысын Ратмир Еникеев, Эдуард Ещенко және Илья Пеньков қорғады.

Айта кетейік, Азия чемпионаты 22 қаңтарға дейін жалғасады.

Бұған дейін Азия чемпионатында стенд атудан Қазақстан жасөспірімдер құрамасы алтын алған болатын.

Соңғы жаңалықтар