Осы күнге дейін Конституцияда ғылым, білім, инновация сөздері жазылмаған

АСТАНА. KAZINFORM — Осы күнге дейін Конституцияда ғылым, білім, инновация сөздері жазылмаған. Орыс тілінің «образование» сөзі «білім беру» деп қана тікелей аударылған.

Жақсыбек Құлекеев
Фото: видеодан алынған скрин

Бұл туралы Jibek Joly арнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасына сұхбат берген Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі  Жақсыбек Құлекеев айтты.

– Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның бірінші отырысында айтқан баяндамам ғылым мен білім төңірегінде болды. Конституцияның ескі, өзгермеген мәтінінде ғылым, инновация деген сөз жоқ еді. Онда тек денсаулық сақтау, білім, мәдениет деген сөздер бар. Менің ойымша, ғылым мен инновация бұл – түгелдей дерлік Конституцияның нормасына енгізілуі керек. Қазіргі қоғамда ғылым негізгі өндірістік күшке айналып отыр. Сондықтан біз заманның ағымын, талабын ескеріп, «ғылым» мен «инновация» деген сөздерді Конституцияға енгізуіміз керек деп ұсыныс айттым. Ол ұсынысты кеңес мүшелері қабылдады. Бұл туралы біраз пікірталас болды. Конституцияның бұрынғы үлгісінде «білім беру» деген сөзді орыс тіліндегі «образование» сөзінен аударған. Осы тұста менің пікірім – «образование» деп келетін сөздерді «білім», «ғылым», «инновация» деп өзгерту. Қазіргі мәтінде осы ережемен жазылып отыр, – дейді ол.

Спикердің сөзінше, Конституциямыз 1995 жылдан бері 5 рет өзгерді. Соңғы ауқымды өзгеріс 2019 жылы Мемлекет басшысының ықпалымен жүзеге асқан. Ол уақытта 30 шақты бап қайта қаралған. Ал, қазіргі Конституциялық өзгеріске қос палаталы парламенттің бір палатаға өтуі себеп болды. Нәтижесінде, Конституция толық қайта қаралып, мәтіні 84 пайызға өзгертілді.

– Қос палаталы парламенттен бір палаталы парламентке көшкенде биліктің тармақтары арасындағы өкілеттілікті бөлуге тура келеді. Бұрын Сенаттың құзырында көптеген билік болды. Заң өзгерген жағдайда олардың құзыры кімге ауысады деген орынды сұрақ туындайды. Ескі Конституциямыз бойынша Президент уақытша қызметін атқара алмай қалған жағдайда, Сенат төрағасы жұмысты жалғастыру керек. Алайда ол бапта белгілі бір кезең көрсетілмеген. Ол бір айға созылуы мүмкін, келесі сайлауға дейін де жалғасуы мүмкін. Осы тұста нақты шектеулер қажет. Сондықтан Сенат төрағасы мен мемлекеттік кеңесші лауазымы біріктіріліп, Вице-президент лауазымы құрылды. Оның бірінші міндеті – Президент өз қызметін атқара алмай қалса, уақытша Президенттің жұмысын жалғастыру. Екіншіден, ол азамат лауазымда уақытша ғана отыра алады. Жаңа заңға сай жеті күннің ішінде Президенттік сайлау күні белгіленіп, оны «Құрылтай» бекітуі керек, – дейді Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі.

Осы тұста, Жақсыбек Құлекеев бір палаталы парламенттің жаңа атауы «Құрылтай» сөзінің маңызына да тоқталып өтті.

– Президент ұсынысымен бір палаталы парламентке «Құрылтай» атауы берілді. Мен өте дұрыс деп ойлаймын. «Құрылтай» деген атау біздің бабаларымыздың ғасырлар бойы айтып келе жатқан төл сөзі. Мысалы, Алтын Орда хандарын сайлаған кезде құрылтай құрып, сол арқылы шешім қабылданған. Еуропаның алғашқы парламенті Англияда пайда болды. Ол шамамен 13 ғасырдың соңы мен 14 ғасырдың басы. Ал біздің бабаларымыз Еуропадан бұрын 13 ғасырдың ортасында-ақ «Құрылтай» деп парламентті атаған. Осы құрылтайда мемлекетті басқаратын қағанды сайлаған. «Құрылтай» сөзінің түп төркіні «құрылайық», «бірігейік» деген ұғым, – дейді Жақсыбек Құлекеев.

Еске сала кетейік, Конституциялық кеңестен кейін жаңа Ата заң қалай өзгеретіні туралы жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар