Осы жылы астық алқабының көлемі азаяды - АШМ
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі биыл астық қанша гектар жерге егілетінін нақтылады.

- Министрлік егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру бойынша жұмысты жалғастырып жатыр. Бұл шаралар бидай сияқты монодақылдардың, сондай-ақ су ресурстарын көп қажет ететін дақылдардың (күріш, мақта) алқаптарын оңтайландыруға және балама, жоғары рентабельді дақылдардың (майлы дақылдар, жемдік және т.б.) алқаптарын кеңейтуге бағытталған, - делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Осы жылы астық алқабы біршама азаяды.
- Облыс әкімдіктерінің деректеріне сәйкес, биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының болжамды егіс алқабы 23,7 млн гектарды құрайды. Оның ішінде дәнді дақылдар алқабы 15 мың гектарға қысқарып, 16,7 млн гектарды қамтиды, - деп аталып өткен министрлік ақпаратында.
Еске салсақ, былтыр күзде Қазақстанда 2025 жылғы көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыру басталды.
СҚО-да диқандар биыл егістікті азайтып, майлы дақыл мен көкөніс алқабын ұлғайтпақ.