ОСК: 15 қаңтарда өтетін сайлауды көру үшін Қазақстанға келген байқаушылар саны 789-ға жетті
Бұл туралы бүгін Орталық сайлау комиссиясының кезекті отырысында аталмыш комиссия мүшесі Татьяна Охлопкова мәлім етті.
Оның деректеріне қарағанда, ОСК алдағы өтетін сайлауды байқау үшін барлығы 789 халықаралық байқаушыны тіркеді. Олардың 308-і Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюросының миссиясынан болса, 260 байқаушы Тәуелсіз мемлекеттер достастығы ұйымынан келіп отыр.
«Ал 15 адам Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясының өкілі болса, 11 байқаушы Шанхай ынтымақтастық ұйымынан келген. Сондай-ақ, тағы 9 адам Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінен өкілдік етіп отырса, 4 адам Ислам ынтымақтастығы ұйымы атынан жұмыс істейтін болады. Тағы 10 адам Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясынан тіркелген. 126 адам 29 шет мемлекеттен келді», - деді ОСК мүшесі.
Бүгін, 15 қаңтарда өтетін сайлауға байқаушыларды тіркейтін соңғы күн. Осыған байланысты ОСК мүшесі Т.Охлопкова, байқаушылар санының әлі де толыға түсу мүмкіндігін және ОСК-ның байқаушыларды тіркеумен байланысты соңғы отырысы бүгін, сағат 22.00 шамасында өтетіндігін атап өтті.