ОСК мажоритарлы жүйе бойынша ең көп кандидат тіркелген округтерді атады
Орталық сайлау комиссиясының кезекті отырысында бір мандаттық округтер бойынша сайланатын ҚР Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттардың депутаттығына кандидаттарды тіркеу қорытындылары талықыланды.
«Кеше кешкі жағдай бойынша тіркеу қорытындылары мынандай. Барлығы 29 бірмандатты мажоритарлық сайлау округтері бойынша сайлау комиссиялары 475 кандидатты тіркеді. Бұл орта есеппен бір мандатқа 15 кандидаттан деген сөз. Ең жоғары бәсеке Астана қаласының №1 және №2 округтерінде болды, сәйкесінше 41 және 42 кандидат тіркелді. Алматы қаласының №3, №4 және №5 сайлау коругтерінде сәйкесінше 37, 33 және 34 кандидат тіркелді. Ең төмен бәсеке - Түркістан облысының №25 сайлау округінде 5 кандидат тіркелді», - деді Константин Петров.
Еске салсақ, кеше Мәжіліс пен мәслихат сайлауының үгіт-насихат кезеңі басталды.
Сондай-ақ, кеше Орталық сайлау комиссиясы партиялардың атаулары сайлау бюлетенінде қандай тәртіппен орналасатынын жеребе арқылы анықтаған болатын.
Жеребе қорытындысына сай, 19 наурызға тағайындалған партиялық тізімдер бойынша Парламент Мәжілісі мен мәслихаттарға кезектен тыс сайлауда дауыс беруді өткізу кезеңінде саяси партиялардың атаулары сайлау бюлетенінде келесі тәртіппен орналасады: Amanat партиясы - бірінші орында, «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясы - екінші орында, «Respublica» партиясы – үшінші орында, Қазақстан халық партиясы – төртінші орында, «Байтақ» жасылдар партиясы – бесінші орында, «Ақ жол» партиясы – алтыншы орында, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы – жетінші орында.