15:16, 10 Желтоқсан 2011 | GMT +5
ОСК Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауына «Ауыл» партиясынан ұсынылған азаматтарды тіркеді
АСТАНА. 10 желтоқсан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Орталық сайлау комиссиясы бүгін 2012 жылдың 15-ші қаңтарына тағайындалған Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауына Қазақстанның «Ауыл» социал-демократиялық партиясынан ұсынылған 18 адамнан тұратын тізімді тіркеді.

Бұл туралы бүгін Орталық сайлау комиссиясының кезекті отырысында аталмыш комиссияның хатшысы Бақыт Мелдешов мәлім етті.
Оның сөзінше, «Ауыл» партиясынан кандидат ретінде тіркелген азаматтардың арасында 4 ұлттың өкілдері бар және олардың 22 пайызы әйелдер. Сондай-ақ тізімдегі азаматтардың 20 пайызының жасы 55 жас шамасында. Кандидаттардың ең жасы 41-де.
«Кандидаттардың барлығы жоғары білімді және олардың үштен бірі жоғары білімді заңгер немесе экономист. Ал 40 пайызы халық шаруашылығының түрлі салаларында қызмет етіп жүрген мамандар. Сондай-ақ тізімдегі азаматтардың үштен бірі коммерциялық құрылымдарда, тағы үштен бірі ғылым, білім және мәдениет салаларында еңбек етеді»,-деді ОСК хатшысы.