ОСК төрағасы Қ.Тұрғанқұлов Ұлыбританиядан келген делегация мүшелерімен кездесті
Орталық сайлау комиссиясы баспасөз қызметінің таратқан мәліметтер бойынша, делегацияның сапары Тони Блэрдың жуырда Қазақстанда болған сапарымен байланысты, оның барысында Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының, демократиялық басқаруының және саяси реформаларының перспективалары мәселелері талқыланған. "Осыған орай делегация мүшелері елімізде өткелі отырған кезектен тыс президенттік сайлаудың тағайындалуына, ұйымдастырылуы мен өткізілуіне қатысты оқиғалармен кеңірек танысқысы келетіндіктерін білдірді.Бұған қоса кездесу аясында демократиялық институттарды дамыту саласындағы ынтымақтастық, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы сайлау заңнамасы мен сайлау үдерісін жетілдіру мәселелері талқыланды. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы делегация мүшелерін Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізудің бірінші кезектегі мақсаттарымен және сайлау науқанының негізгі кезеңдерімен таныстырды", - делінген таратылған хабарламада.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, сондай-ақ Қ.Тұрғанқұлов бұл сайлау науқанының басты ерекшелігі, Конституция мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға соңғы енгізілген өзгерістерге сәйкес, мемлекет басшысының кезектен тыс сайлауының 2 ай ішінде өткізілетінін атап өтті. Ал, Қазақстан Республикасы Президентінің кезекті сайлауы бойынша науқан үш ай уақытты қамтиды. Яғни, барлық сайлау рәсімдерінің мерзімі пара-пар қысқарады. Мұның өзі сайлау комиссияларының, кандидаттар мен олардың штабтарының күшін жұмылдыруды талап етеді. Дегенмен, белгіленген мерзім жеткілікті және сайлау науқанын тиімді, әділ әрі ашық өткізуге мүмкіндік мол.
Сайлау науқанының тағы бір ерекшелігі ретінде Қ.Тұрғанқұлов «Сайлау» автоматтандырылғын ақпараттық жүйесінің қолданылмайтынын атап өтті. Бұдан соң ОСК-ның төрағасы делегация өкілдерінің сауалдарына жауап берді.