ОСК төрағасы Ұлттық Демократиялық Халықаралық қатынастар институтының Қазақстандағы өкілдігі директорын қабылдады

АСТАНА. 11 ақпан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Кеше Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов Ұлттық Демократиялық Халықаралық қатынастар институтының (NDI) Қазақстандағы өкілдігінің директоры Эми Шульцты қабылдады.
None
None

Кездесуде Қазақстандағы демократиялық үрдістердің дамуы мен 2011 жылдың 3 сәуіріне тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі мәселелер талқыланды. «Сайлау туралы» Конституциялық заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, республика Президентінің кезектен тыс сайлауы тағайындалған күннен бастап екі ай ішінде өтуі тиіс. «Сондықтан біз Президенттікке кандидаттардың қызметін ұйымдастыру үшін оңтайлы жағдай жасау мақсатындағы шаралар қабылдадық. Бұл ретте, Орталық сайлау комиссиясының 10 ақпандағы қаулысымен аумақтық сайлау комиссиялары мен ОСК үшін жекелеген сайлау рәсімдерінің мерзімдері қысқартылды»,- деді ОСК төрағасы.

Бұдан әрі Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы кезінде NDI мен Орталық сайлау комиссиясы арасындағы өзара ынтымақтастықтың бағыттары туралы мәселелер сөз болды.
Эми Шульц ханым NDI мен ОСК арасындағы ынтымақтастықтың жақсы дәстүрлері 2003 жылдан бері жалғасып келе жатқанын атап өтіп, Ұлттық Демократиялық Халықаралық қатынастар институты өкілдерінің Қазақстандағы сайлауды ұйымдастырушыларға азаматтарды сайлаушылар тізіміне енгізу, дауыс беру рәсімдері бойынша хабардар ету бағытында көмек көрсетуді көздеп отырғанын жеткізді. Кездесу соңында тараптар азаматтардың сайлауға қатысуы мен хабардарлығы деңгейін арттыру сұрақтары бойынша NDI мен ОСК ынтымақтастығын одан әрі дамытуға келісті.

Соңғы жаңалықтар