Өскелең ұрпақты бейбітшілікте өмір сүруге баулу бағытында біз түрлі білім беру бағдарламаларын құруымыз шарт - Ислам конференциясы ұйымы
Бұл туралы бүгін Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының ІІІ съезі аясында өтіп жатқан секциялық отырыстың барысында Ислам конференциясы ұйымының Дін және дінаралық диалог істері жөніндегі жоғарғы комиссары Селим әл-Хауни айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ислам конференциясы ұйымына 75 ел қатысып отырғанына тоқталған ол, «ұйымның ұстанып отырған ең басты қағидасы - адамға құрметпен қарау, сондай-ақ діндер арасындағы диалогты құру», - деді.
«Біз әлемдік діндердің өкілдері ретінде өзара түсіністікті қолдау үшін бар күш-жігерімізді жұмсауымыз қажет. Қатыгездікке қарсы тұру үшін, яғни өскелең ұрпақты бейбітшілікте өмір сүруге баулу бағытында біз түрлі білім беру бағдарламаларын құруымыз шарт. Осыны бұқаралық ақпарат құралдары арқылы насихаттауымыз керек», - деді Селим әл-Хауни.