Өскемен әкімдігі экология және жылуэнергетикасы саласында финдік технологияларды пайдаланбақ
Бұл жөнінде қала әкімі Ислам Әбішевтің финдік тарап өкілдерімен болған кездесуде айтылды.
Кездесуге «TWINSPARK Consulting» ЖШС-ның басқарма бастығы Юко Килоннен, «TWINSPARK Conulting» ЖШС-ның ТМД елдеріндегі бизнесті дамыту жөніндегі менеджері Эско Воутилайнен, «SAKADA TWINSPARK» ЖШС СП директорының орынбасары Юрий Дубодедов және ШҚО Өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлер қауымдастығының президенті Юрий Швайченко қатысты.
Облыс орталығының басшысы алғы сөзінде, соңғы 30 жылда Финляндия өзінің даму жолында үлкен жетістіктерге жеткенін атап өтті. Бүгінгі күні мемлекет мамандардың бағалауынша, ІЖӨ бойынша әлемде 9-ыншы орында тұр. «Қазақстан да үдемелі қарқынмен дамуда, елдеріңіз жинаған тәжірибе біз үшін пайдалы болуы мүмкін», - деді И.Әбішев.
Өскемен әкімін «TWINSPARK» компаниясымен таныстырған Ю.Килоннен, компанияның үш мыңнан астам қызметкері әлемнің түкпір-түкпірінде жұмыс істеп жатқанын жеткізді. Қазір Бразилия мен Латын Америкасында жобалар табысты жүзеге асырылуда.
Келіссөздер барысында ықпалдастықтың негізгі бағыттары белгіленді. Экология саласында Өскеменнің ЖЭО-сында күкірт диоксидін ауа шығаруды азайту, оның нысандарында жылуэнергетикасын басқару және ысырапты азайту бойынша ұсыныстар жасалды.
Онымен бір мезгілде И.Әбішев, облыс орталығының кәсіпорындары белгіленген бағыттарға және олардың маңыздылығына түсінікпен қарайтындығына үмітін білдірді.
Финдік компанияның өкілдері бүгіннің өзінде шағын энергетика саласында «ЛИК» фирмасымен жұмыс істеуде.