Өскеменде алып қыз дүниеге келді
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында салмағы 6 келіден асатын алып қыз туды. ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, бұл өте сирек кездесетін жағдай. Әйел Өскемендегі Ана мен бала орталығында босанған.

— Салмағы 6045 грамм болатын қыз бала дүниеге келді. Осындай салмақтағы нәрестелер тым сирек. Бұл тек ата-ана үшін ғана емес, босандыруға қатысқан бүкіл медицина қызметкерлері үшін үлкен қуаныш болды, — дейді орталық дәрігерлері.
Абырой болғанда, бәрі сәтімен өткен. Ана мен шақалақ өздерін жақсы сезінеді. Әзірге алып қызға есім қойылмаған.
— Өте қуаныштымыз. Менде бәрі жақсы. Ана мен бала орталығының ұжымына мың алғыс! , — дейді анасы.
Еске салсақ, осыған дейін семіздікке шалдыққан балалар саны артып бара жатқаны хабарланған.